Қазақстан азаматтығын алмаған, алайда оралман мәртебесі бар қандастарға 42 500 теңге беріледі, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Бұл туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз хатшысы Сырымбек Төлеуұлы Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
«Тұрақты тіркеуде тұрып оралман мәртебесі бар қазақтар құқықтары жағынан тұрғылықты азаматтармен тең. Оларға ешқандай кедергі жоқ және Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей көмек көрсетіледі. Егер жұмыс істеп жүріп, табысынан шектеулер салдарынан айырылған болса, ол 42 500 теңге алады», - деп жазды Сырымбек Төлеуұлы.
Еске сала кетсек кешегі Үкімет отырысында Үкімет басшысы Асқар Мамин атаулы әлеуметтік көмекті қолда бар деректер негізінде алдын ала жүргізуді тапсырған еді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында министр шілде айына берілетін 42 500 теңге әлеуметтік төлемді тағайындау үшін қандай порталдар жұмыс істейтіндігін айтып берді.