Фото: gov.kz
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров сенатор Дархан Қыдырәлінің депутаттық сауалында айтылған кейбір мәліметтерді теріске шығарды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
«Шетелдіктер асырап алған бала 18 жасқа дейін Қазақстан азаматы болып қала береді. Оны біздің шетелдегі консулдар көмектесіп, бақылап жүреді — арнайы бағдарлама бар. Бірақ 18-ге толғаннан кейін ол қай елдің азаматтығын алатынын өзі шешуі керек. Егер 18-ден кейін сол елдің азаматтығын алса, біз ешқандай әрекет жасай алмаймыз, өзінің жеке шешімі. Бірақ 18 жасқа дейін асырап алған ата-аналар консулға есеп беріп тұруы керек. Ал бағана сіз айтып отырған „бірнеше бала туралы ақпарат жоқ“ деген мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Өйткені барлық бала бойынша ақпарат жинап отырамыз. Әрине, кейбір кезде бір мекенжайдан басқа мекенжайға көшіп кетіп, ақпарат болмай қалуы мүмкін», — деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.
Оның айтуынша, қазақ балалары шетелге алғаш жіберіле бастағанда «тек батыс елдеріне берілсін» деген талап болған.
«Сонымен қатар „қазақ балаларын біраз экзотикалық елдерге алып кетті“ деген де ақпаратты оқыдым. Олай емес. Өйткені бізде кезінде тоқсаныншы жылдары „балаларды тек батыс елдерінің өкілдеріне беретін“ талап болған. Батыс елдерінің азаматтары сол елдерде дипломат болып жұмыс істеуі мүмкін. Солар асырап алған. Ал Африка елдеріне біз балаларды бермейміз», — деді Айбек Смадияров.
СІМ ресми өкілі қазіргі таңда 18 жасқа дейінгі 1993 бала консулдық есепте тұрғанын жеткізді.
«Сенатор Дархан Қыдырәлі жүзден аса баланы Африка елдеріне асырап алып кетті деді. Ол ақпарат өтірік пе?» деп нақтылады БАҚ өкілі.
«Ол ақпаратты қайдан алғанын білмеймін. Біздегі бар мәліметке сәйкес, Африка елдеріне бала берген жоқпыз. Шындыққа жанаспайды», — деді Айбек Смадияров.
Еске салсақ, сенатор Дархан Қыдырәлі Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар-ошар жоқ екенін мәлім еткен.