09 мау, 2021 сағат 18:03

Қазақстан 2020 жылы 1,3 млрд доллардың ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарды


Қазақстан 2020 жылы 1,3 млрд доллардың ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жалпы, өткен жыл жақсы нәтижелермен аяқталды. 20,1 млн тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар бастырылды. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған жалпы бидай көлемінің 80 пайызы 1-3-сыныптарға жатқызылды. 2019 жылы бұл көрсеткіш 50 пайызды құраған болатын. Тиісінше, 4-сыныпты бидайдың үлесі 2019 жылғы 27,7 пайыздан 13,4 пайызға, ал 5-сыныпты бидайдың үлесі 10,7 пайыздан 5 пайызға төмендеді», - деді министр. 

Оның атап өтуінше, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ірі қара мал 7,8 млн басты құрады. Бұл 2019 жылдың деңгейінен 5,6 пайызға көп. Қой мен ешкі басы 4,7, жылқы 10,1, түйе 5,2 пайызға артты. Тиісінше мал шаруашылығы өнімдері – ет 4,3, сүт 3,2 пайызға ұлғаюда.

«Нәтижесінде жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2020 жылы 5,7 пайызға артып, 6,3 трлн теңгені құрады. Бұл - Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең үлкен өсім. Тамақ өнімдерінің өндірісі 4 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар ағыны 15, тамақ өнімдері өндірісіне тартылған инвестициялар ағыны 13,5 пайызға артты. Қорытындысында агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялардың жалпы көлемі 677,2 млрд теңгені құрады. Бұл жоспарлы мәннен 154,2 млрд теңгеге асып отыр», - деді Сапархан Омаров. 

Министрдің дерегінше, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 22 пайызға артып, 1,3 млрд АҚШ долларын құрады.

«Агроөнеркәсіп кешенін одан әрі орнықты дамыту мақсатында министрлік Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы және Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірледі. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес олардың негізгі мақсаттары: бірінші, еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру; екінші, ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен 80 пайыз деңгейінде молықтыру; үшінші, өңделген өнім экспортын 2 есеге ұлғайту; төртінші, ірі инвестициялық жобалар айналасында 7 экожүйе қалыптастыру. Жалпы, жоспарланған іс-шаралар алдағы бес жылда еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыруға, өңделген өнім экспортын 2 есеге ұлғайтуға, сондай-ақ салаға 4,5 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бұл қосымша 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, 1 млн адамның табысын арттырады», - деді ол.