06 қар, 2024 сағат 12:48

«Қазақ журналистері арасында да қаламы алтын, жазары көп журналистер бар екенін дәлелдедік деп ойлаймын»: Өзбекстандағы қазақ газетіне 33 жыл

Фото: Qazaqstan.tv

Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында қазақша жазылып, елдегі қазақ қандастарымыздың тыныс-тіршілігі туралы ақпарат тарататын “Нұрлы жол” газетіне биыл 33 жыл толды. Газеттің басты мақсаты қазақтардың тыныс-тіршілігін, мәдениетін билікпен байланысын нығайту деп отыр газеттің бас редакторы.

Өзбекстанның тәуелсіздігімен түйдей құрдас “Нұрлы жол” алғашында “Достық туы” атымен (1991 ж) жарық көрген. Осы уақыт аралығында басылым Өзбекстандағы қазақтардың көзайымына айналып үлгерген. Газет қазір 5000 мыңнан астам таралыммен Ташкентте басылып, Өзбекстанның ең шеткі ауылдарында өмір сүретін қазақтардың қолына да жетеді.

Газетте саяси-әлеуметтік, мәселелерді қамтитын материалдар мен қоса әдебиетке де назар аударылып, елдегі жас таланттардың шығармалары да жарық көреді.  Билік пен халық арасында алтын көпір болып, байланыстыратын газет ұжымы білікті мамандардан құралған. Арасында Қазақстанның жоғары оқу орнын бітірген тілшілер де бар. Баспаның ұжымында Өзбекстанның беделді сайысына қатысып жеңіпаз атанғандары да көпшілік. Мысалы газет тілшісі Рүстем Төленов 2023 жылы “Oltin qalam” ұлттық сыйлығын жеңіп алған. 

“Oltin qalam” бұл Өзбекстанда журналистика саласында қызмет ететін тілшілер үшін ең маңызды марапат. Аудармасы Алтын қалам ғой негізі. Жеңімпаз атанғанда төбеміз көкке жетті. Қазақ баспасөзі, қазақ журналистері арасында да қаламы алтын, жазары көп журналистер бар екенін дәлелдедік деп ойлаймын”-дейді Рустем Төленов.


Нұрлы жол газетінің қазіргі таңда Қазақстанмен байланысы тығыз. Еліміздегі бірқатар басылымдармен пікір алмасып, олардың танымал мақаласын Өзбекстандағы оқырмандарға да ұсынып келеді. Баспаның бас редакторы Ғұламзәкір Жүсіпов 10 жылдан астам уақыт аралығында газетті басқарып келеді. Бірқатар шәкірт тәрбиелеген ардақты ұстаз атағына ие. 

“Қазір үкімет тарапынан қолдау бар, тыңдау мен түсінік бар. Осыны пайдаланып, тілшілер қоғамда бірқатар мәселелерді шешуге ат салысуда. Қазақша ақпарат таратып, елдегі қандастарды жаңалықтардан хабардар етуде. Қазақстанмен тығыз байланыстамыз. Мысалы оқырмандар көрсін, білсін қазақша оқысын деген мақсатта Егемен Қазақстан газетіндегі тұщымды материялдарды өзімізде жариялаймыз. ”-дейді, газетің бас редакторы Ғұламзәрік Жүсіпов.


Дайындаған: Бекболат МҰХТАРОВ