20 қыр, 2019 сағат 12:09

Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі: межелер, жаңартулар мен өзгерістер

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында латынграфикалы жаңа әліпби негізінде қазақ жазуын жаңғыртудың нормативтік-лексикографиялық және лингвистикалық базасын әзірлеуге байланысты бағдарламалық-нысаналы зерттеулер жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Жоспарлы жұмыстардың маңыздыларының бірі – Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің жаңартылған нұсқасын әзірлеу.

Емле сөздіктерін түзудің негізгі үлгілері мен принциптері қазақ тілтанымының іргетасын қалаған А. Байтұрсынұлы мен Қ. Жұбановтың зерттеулерінен бастау алады. Өткен ғасырдың орта тұсында қазақ тіл білімінің қаланған іргетасын одан әрі нығайта, бекіте түскен ғалымдардың нормативтік-лексикографиялық базаны қалыптастырудағы, сөздіктің сан түрлі типтерін жасаудағы атқарған еңбектері орасан. Осы кезеңде жарық көрген орфографиялық, түсіндірме, екітілді, салалық, терминологиялық, аспектілік, жиілік, мектепке арналған сөздіктер, анықтағыштар жалпыұлттық тілдің, Абай мен М. Әуезовтің барша сөз байлығын, қазақ әдеби тілінің қолданыстағы лексикалық-грамматикалық құрылымының ерекшеліктерін жинақтау арқылы қазақ тілінің өміршеңдігінің сақталуына елулі үлес қосты.

Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің қазіргі қоғамға таныс нұсқаларының бастапқысы – 1988 жылы академик Р. Сыздықтың басшылығымен жарияланған еңбек. Бұдан кейін емле сөздігі 2005, 2007, 2013 жылдары жарық көрді. Емле сөздігінің әр басылымы сайын сөзтізбе құрамы толықтырылып, сұрыпталып, белгілі бір жүйеге түсірілген. Қазақ тіліне қатысты саяси, әлеуметтік, ұлттық сананың оянуы сияқты түрткіжайттар әсер еткендіктен  сөздіктердің құрамына қазақ тілінің бар байлығын енгізуге ептеп басымдық берілген. Сондықтан әсіресе соңғы басылымда сөз саны мен тіркестер молая түскен. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына орай қазақ тілінің ғылым мен техника тілі бола алатындығын, терминдік ұғымдарды бере алатындығын, өміршеңдігін дәлелдеу мүддесінде тілдің барлық дерлік әлеуетін қамтуы жағынан олардың өз құндылығы бар.

Орфографиялық сөздік – әдеби тіл нормаларының басты көрсеткіші. Осы себепті биылғы жылы әзірленетін Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің кезекті басылымының маңыздылығы мен өзектілігі бар. Бұл, ең алдымен Сөздіктің латын графикалы әліпбиге негізделетініне байланысты. Сөздік сонымен қатар салалық, орта білім беру жүйесіне бағытталған сөздіктер мен анықтағыштарды, өзге де аспектілік-терминологиялық сөздіктерді түзуде, сондай-ақ оқу-ағарту, ғылыми әдебиетті жасауда басшылыққа алынатын басты нормативтік құрал ретінде ұсынылады.

Орфографиялық сөздіктің жаңа нұсқасын түзуге Тіл білімі институтының орфография, фонетика және фонология, лексикология және лексикография, тіл тарихы және морфология, қолданбалы лингвистика салалары бойынша білікті мамандары қатыстырылған. Мамандар тарапынан Сөздіктің нұсқаулығы жасалды; орфографиялық сөздіктің өзіндік ерекшеліктерін танытатын, әрі сөздікке түзілетін тілдік бірліктердің жүйесін біріздендіру мүддесінде лексикографиялық межелер айқындалды.

Сөздіктің сөзтізбесіне енгізілетін тілдік бірліктер үшін алдымен қолданыс межесі нақтыланды. Бұл үшін негізге алынған 2013 жылғы Орфографиялық сөздіктің сөзтізбе құрамы Қазақ тілі түсіндірме сөздігінің соңғы басылымының материалдарымен салыстырылды; «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» (бес томдық) энциклопедиясының, 30 томдық екітілді терминологиялық сөздіктің материалдары іріктелді; қазіргі жазба коммуникациядағы тілдік бірліктердің орфограммасына назар аударылды. Осының нәтижесінде: а) негізге алынған дереккөздерде кем дегенде үш рет қолданылған; ә) классик жазушылардың шығармаларынан алынған; б) әдеби норма талаптарын қадағалайтын мерзімді баспасөз үлгілерінен, ғылыми, ресми-іскери стилдер фактілері сараптаудан өтіп, іріктелді.

Қажет болған жағдайларда 1988 жылғы сөздіктің құрылым-жүйесімен және «Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігіндегі» (Алматы, 2016) статистикалық мәліметтермен салыстырылды.

Нормативтік меже айрықша қадағаланды.

Емле сөздігінің нормативтік межесі тілдің лексика, фонетика, морфология, сөзжасам салаларымен тығыз байланысты.

Емле сөздігінде әдеби тілдегі сөздердің фонетикалық ерекшеліктері, бірге және бөлек жазылатын сөздер, емлесі қиындық тудыратын тілдік бірліктер, варианттар, синонимдік қатарлар, паронимдер, грамматикалық және сөзжасам түрленімдері норма ретінде бекітіліп ұсынылады. Осыған байланысты тілдің дыбыстық жүйесінің, түбір сөздердің, бірге және бөлек жазылатын сөздердің, қос сөздер мен кірме сөздердің, онимдер мен топонимдердің, күрделі атаулардың емлесіне қатысты осы салалардың мамандары ғылыми негіздемелерді анықтады. Мәселен, тіл дамуының соңғы жылдарында сөз біріктіру амалы қарқынды сипат алған. Мамандар 12 мыңға жуық біріккен және бөлек жазылатын сөздердің ғылыми негіздерін дәлелдеді, сөйтіп, олардың орфограммасының – дұрыс жазылуының моделдері Сөздікке енгізілді. Сөз ретінде айта кетелік, қазір біздің елімізде ауыл шаруашылығына қатысты құрал-жабдықтардың 57 түрі шығарылады екен. Астық орғыш / астықорғыш, жинағыш-шөмелегіш, сабан жинағыш, дән тазартқыш, кептіргіш, астық тиегіш // сабанжинағыш, дәнтазартқыш, астықтиегіш, қарық жасағыш, жапырақжинағыш сілкуіш, мая салғыш / маясалғыш сияқты әртүрлі орфограммалар сөздіктердің басқа түрлерінде, жазба нұсқаларда кездесіп қалады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының идея-бастамасымен биылғы жылдан бастап орта білім беру жүйесіне «Кәсіпкерлік негіздері» атты элективті курс енгізіле бастады. Кәсіпкерлікке, шағын бизнеске, ауыл шаруашылығына қатысты тілдік бірліктер емлесінің басты орфографиялық құралда бірізденуі әрі қарай салалық, мектептерге арналған сөздіктерге сүйеніш болады.

Сол сияқты қазіргі жазба коммуникацияда дефис арқылы жазылатын сөздердің (немесе дефис қойылмай бөлек жазылатын сөздердің) қатары анағұрлым көбейе түскен. Қазақ тілінің төл сөздерінің дефис арқылы ( немесе бөлек, яки бірге) жазылатындарының сан түрлі екендігін айтпағанның өзінде, мәдениетаралық коммуникация ықпалымен тұрпаты да, құрылымы да сөзбе-сөз қайталанған обер-мастер, лейб-медик, штаб-пәтер, вице-президент, экс-чемпион, веб-интерфейс типтестердің түгелдей дерлік үлгілері жинақталып, емлесі реттелді. Бұл ретте осы сала зерттеушілерінің еңбегі мол.

Орфографиялық сөздік сирек қолданыстағы сөздердің, көнерген сөздердің, жаңа сөздердің, ғылым мен техника атауларының, басқа да актуалданған тілдік бірліктердің емлесін көрсете отырып, ақпарат көзі болып саналады. Бұл ақпараттық-стилдік меже арқылы анықталады.  

Осындай негізгі принцип-межелердің нақтылануы арқылы Орфографиялық сөздіктің жаңа нұсқасына нормаланған, қалыптанған, кең қолданыстағы қазақ әдеби тілінің лексикасы, қазіргі көркем әдебиетте, мерзімді баспасөзде, ресми-іскери стилде, ғылым тілінде қолданыла бастаған, нормалануға бейімделе түскен жергілікті тіл ерекшеліктері мен кәсіби лексика, ғылым тілі мен практикалық қызметке қатысты арнаулы терминология, әсіресе оқу-ағарту, нарық, бизнес, кәсіпкерлік, банк ісі, ақпараттық технология терминдері, жаңа сөздер, қазіргі қоғам өмірінде актуалды сипатқа ие діни лексика енгізілді.

1988 жылғы сөздіктің Алғы сөзінде академик Рәбиға Сыздық сөзтізбенің, негізгі реестр мен ішкі реестрдің құрамы мен құрылымын әрдайым сұрыптап, жүйелеп отырудың маңызды екендігін атаған болатын. Емле сөздігі, жоғарыдағы межелерді жинақтай келе, қайталап айтсақ, тілдің байлығын танытатын, әр алуан стильдік қабаттағы сөздердің қолданылу ерекшеліктерін, сирек қолданыстағы, көнерген сөздерді, тілге енген жаңа сөздерді ұсынып, нормалануын белгілейтін, бір жағынан, консервативті, екіншіден, динамикалық ортологиялық құрал. Осы себепті көптеген тілдерде емле сөздігі өзгертулер мен толықтырулар арқылы жиі жарық көреді.

Биылғы жылы әзірленіп жатқан Орфографиялық сөздікті жаңарту, сұрыптау, жүйелеу бойынша жүргізілген жұмыстардың негізгілерін атап өтеміз.

Біріншіден, Сөздік мемлекеттік тапсырыс бойынша кирилше-латынша параллель сөздік түрінде ұсынылғалы отыр. Оның құрылымының жобасын шағын кестеден көруге болады.

сәуле

sáýle

сәулегүл (өс.)

sáýlegúl (ós.)

сәулелендіру

sáýlelendirý

сәулелену, сәулеленбеу,

сәулеленген

sáýlelený, sáýlelenbeý, sáýlelengen

сәулелі

sáýleli

сәулелілер (зоол.), сәулелілері

sáýleliler (zool.), sáýlelileri

сәулем (қаратпа)

sáýlem (qaratpa)

сәулет, сәулет өнері

sáýlet, sáýlet óneri

сәулетай (қаратпа)

sáýletaı (qaratpa)

сәулеткер, сәулеткері

sáýletker, sáýletkeri

сәулеткерлік, сәулеткерлігі

sáýletkerlik, sáýletkerligi

сәулетартқыш (физ.)

sáýletartqysh (fız.)

сәулетәрізділер (зоол.)

sáýletárizdiler (zool.)

сәулеттендіру  

sáýlettendirý

сәулеттену, сәулеттенбеу,

сәулеттенген 

sáýlettený, sáýlettenbeý, sáýlettengen

сәулетті

sáýletti

 

 

 

Сөздік құрылымының осылайша орналасуы байырғыдан санада қалыптасқан әліпбиді көзшалыммен шапшаң тани отырып, латын графикалы әліпбиді меңгеруді оңтайландырады; жаңа әліпбимен берілген бөлігі алдағы жылдардағы сөздік басылымдарына тірек болады.

Екіншіден, Сөздіктің құрамы толықтырылды және бірқатар тілдік бірліктердің орфограммасы қазіргі жазба коммуникациядағы қолданылу жиілігі ескеріле отырып, өзгертілді. Мәселен, ақжарылқап, ақжарылқап заман, рамазан, рамазан айы, алашбегі, аударматану, ақпар кесе (жерг.), сөйтіп, дей тұрсақ та, құтқарушы, құстаңдай (ою) тәрізді тілдік бірліктер қосылды. Қазіргі әдеби тілдегі ермексаз, кеппешөп, гүлкіндік, жаймасөре, газтұмша, қанатбелгі,  қарубау, жабдықталым, дүмтабан, ықтиярхат, тінтуір, пернетақта, фейсбук, инстаграм, хэштег, лайк, репост, респект, челендж, ватсап, смайл, емейл, флешмоб,  алғытөлем, жәрдемқаражат, ықпалшара,  демеуқаржы, өтелімділік, айырбасталымдылық сияқты жаңа сөздермен қатар арапа, мүфти, пірәдар, мүмін, раббым, имам, тауарих, хиджаб, мұхтасиб, қазірет, халал, харам, поп, священник, дьякон типтес діни дискурсқа қатысты тілдік бірліктер тіркелді. Ескерте кететін жайт – ермексаз, кеппешөп, жаймасөре, демеуқаржы, ықпалшара тәрізді жаңа қолданыстардың пластилин, гербарий, витрина, субсидия, санкция  сияқты баламалары да беріледі, өйткені жаңа сөздер мектеп оқулықтарында, өзге де жазба нұсқаларында әзірше баламаларымен  қатар қолданылады.

Үшіншіден, соңғы буынында қысаң ы,і дауыстылары бар,  әсіресе екі буынды сөздердің орфограммасында айырмашылықтар бар болғандықтан осындай сөздердің грамматикалық түрленімі нақты көрсетілді. Нақты айтсақ, көрік – көркі; көрігі; нарық – нарығы; нарқы; қалып – қалпы; қалыбы тәрізді параллельдерден басқа қысаң дауыстылар сақталатын аңыз, серік, дарын, серпін, пішін, түйін, түйір сөздерінің ішкі реестрі аңыз, аңызы; серік, серігі; дарын, дарыны; серпін, серпіні; пішін, пішіні; түйін, түйіні; түйір, түйірі түрінде реттелді.

Төртіншіден, алдыңғы басылымдарда жеке орфограммасы көрсетілген саналы, санасыз, айлы, ақылы, арыстандай, маралды, мұрттай, құстай, қанжардай, сүттей, тебінгідей, масаша тәрізді лексемалардың ішкі реестрі ақпараттық-стилдік меже негізінде айлы, айлы түн; ақылы, ақылы оқу; арыстандай, арыстандай ақыру; маралды, маралды өлке; мұрттай, мұрттай ұшу; құстай, құстай ұшу; қанжардай, қанжардай қадалу; сүттей, сүттей жарық; тебінгідей, тебінгідей жер; масаша, масаша талау сияқты тұрақты немесе тұрақтала бастаған  тіркестермен нақтыланды:

Сондай-ақ алдыңғы басылымдарда 1983 жылы бекітілген ережеге сәйкес педагог-ке, педагог-тер, биолог-ке, биолог-тер, кардиолог-ке, кардиолог-тер түрінде болған сөздердің орфограммасы қазіргі жазба коммуникациядағы қолданыс жиілігі ескеріліп, педагог-қа, педагог-тар, биолог-қа, биолог -тар, кардиолог-қа, кардиолог -тар болып, американдық, итальяндық сөздері америкалық, италиялық нысанына ауыстырылды.

Бесіншіден, алдыңғы басылымдардағы кірме сөздердің бірқатары (мәселен, абберация, гелиоцентрлік, гидраттану, фетиштендіру және т.б.) сөзтізбе құрамынан шығарылды; жоғарыдай аталғанындай, нарық, бизнес, ақпараттық технологияға байланысты кірме сөздер енгізілді.

Алтыншыдан, Сөздіктің жаңа басылымында лексикографиялық межелер толық сақталды. Басқаша айтқанда, зат есімнің сын есімнің, омонимдер мен жарыспалы нұсқалардың, есімдіктер мен етістіктердің, басқа да сөз таптарының орналасуы қатаң жүйеленді. Айталық, сын есімнің, сан есімнің барлық формаларының (сары, сарғылт, сарғылтым, сарғыш, сарылау, сарырақ, сап-сары; он, он бір, он бірінші, оныншы) жазылуы нақтыланды. Етістік нысандарын жүйелеу олардың жазылуы мен айтылу заңдылықтарының айырмашылығын белгілеу (қуану, қуанбау, қуанған; айтылуы – қуану, қуамбау, қуаңған; шаттану, шаттанбау, шаттанған; айтылуы – шаттану, шаттамбау, шаттаңған) мақсатында, сондай-ақ қатар қайталанатын дыбыстардың жазуда сақталатындығын көрсету үшін ( сөйлету, сөйлетті; сөйлесу, сөйлессе, сөйлесші); етістіктің  грамматикалық түрлері мен түбір орфограммасын нақты көрсету үшін (оқу, оқы, оқиды; жылжу, жылжы, жылжиды; нығаю, нығай, нығаяды; ұлғаю, ұлғай, ұлғаяды) тұрғысынан жүзеге асырылды.

Жетіншіден, жалқы есімдер, жер-су атаулары, күрделі атаулар емлесі Орфографиялық сөздіктің соңында жеке тізбе арқылы беріледі. Дегенмен тіл қолданысы үшін мейлінше актуалды Ата заң, Мәңгілік ел, Ақорда, Елбасы, Наурыз мейрамы, Қамбар ата, Зеңгі баба, Шопан ата, Шекшек ата типтес тілдік бірліктер сөзтізбе қатарынан орын алады.

Латын графикасы негізіндегі әліпби бойынша кирилше-латынша параллель орфографиялық сөздіктің белгілі бір лексикографиялық межелерді басшылыққа ала отырып, толықтырылған, сұрыпталған, жүйеленген, жаңартылған нұсқасы қазақ сөзінің кодификациясы мен нормалануының  үлгісі ретінде қазақ тілі қолданылатын барлық салаларға қажетті құрал болып табылады.

Филология ғылымдарының докторы, профессор А. Алдаш