Қазақ тілінің терминологиясында жасанды интеллект және робототехника салаларына қатысты 672 сөз бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Енді қазақ тілінде жасанды интеллект, деректерді талдау, робототехника және компьютерлік ғылымдар саласында қолданылатын көптеген терминдер мен сөздердің аудармалары бар. Ғалымдар терминдерді ағылшын тілінен қазақ тіліне аударудың әртүрлі нұсқаларын қамтитын глоссарий әзірледі. Оны Тіл саясаты жөніндегі комитетке бекітуге жіберді.
«Біз жасанды интеллект, деректер талдау және робототехника саласындағы көптеген терминдердің қазақ тілінде ресми бекітілген аудармасы жоқ екенін байқадық. Сондықтан терминдерді қазақ тіліне аударуды бастадық. Жасанды интеллект пен робототехника саласы Қазақстанда белсенді дамып және кең таралғандықтан, терминдердің аудармасын ұсындық», - деді ISSAI негізін қалаушы және директоры, профессор Атакан Варол.
Лингвистика саласындағы сарапшылар мен ISSAI мамандарының қатысуымен өткен республикалық терминологиялық комиссияның отырыстары барысында кейбір сөздер аудармасыз қабылданды және өзіндік ағылшын тіліндегі айтылуын сақтап қалды. Қалғандары ресми түрде қазақшаға аударылды. Мысалы, artificial neural network термині «жасыл нейрондық желі» деп аударылды, ал boosting термині қарызға алынған сөз - бустинг ретінде пайдалануға шешім қабылданды. Барлығы 672 сөз ресми түрде бекітілді.
«Біз цифрлық ортада қазақ тілінің дамуына үлес қоса алғанымызға өте қуаныштымыз», - деп қосты профессор Варол.
Бекітілген терминдер ISSAI және termincom.kz сайттарында қол жетімді.