Фото: egemen.kz
Жаңа технологияны дамыту, барлық жерді интернетпен қамтып, жасанды интеллект пен барлық саланы цифрландыру бүгінгі заманның негізгі талаптарының бірі. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін техника-технологияның құлағында ойнайтын заманға жеттік. Себебі заман ағымына ілесіп жүрудің өзі осыны талап етеді. Бірақ жаңа технология, цифрландыру мен ғаламторды игеруде қазақ халқының арқасына аяздай батып тұрған бір бағыт бар, ол – қазақ тілінің техника мен технология тіліне ілесе алмай, кенжелеп жатуы.Ult.kz тілшісіне сұхбат берген Мәжіліс Депутаты Ермұрат Бапи қазақ тілінің заман талабына сай келмей, көштен қалып қалмауы үшін еліміз тездетіп латын қаріпіне көшуі керек деп есептейді.
«Ол үшін біз қазақтың тілін емес, қазақтың жазуын интернеттің тіліне жеткізуіміз керек. Біз әліпбиімізді латын әліпбиіне көшіруіміз керек. Біз сонда ғана пойсковиктерде, жалпы интернет ресурстарында біз қазақтың тілін де, ойын да, өрісін де әлемдік деңгейдің бір шетіне жеткізетін шығармыз. Ал қазіргі жағдайда мына кириллицамен оның үстіне қазақ тілінде болатын болса, біз әлемдік өркениеттен көп кейін қаламыз», -дейді депутат Бапи.
Депутат Мұрат Ергешбаев қазіргі кезде Қазақстанда технологияның дамуымен қазақ тіліне көп көңіл бөлініп жатыр деп есептейді.
«Оның бірі өздеріңіз білесіздер, ChatGPT-дің қазақ тіліне аударылуы. Әрине бір жағынан қиын. Себебі бүкіл мәліметтер бізде қазір негізінен екі тілде алынады. Ол – ағылшын тілі мен орыс тілі. Соның барлығын аудару, халыққа жеткізуді қарастыруымыз керек. Ақпараттар түсінікті болуы керек. Біздің филолог азаматтарымыз әдеби тілмен жеткізгісі келеді. Біз қалай болғанда да ағылшын, орыс тілі сияқты шетелдің сөздерін қосамыз. Бұл заманның талабы солай болып тұр. Мысалы қазір Түркияға барсаңыз олардың 20-30 пайызы француз тілі. Ол әбден қалыптасып кеткен. Сондықтан осы жағынан жұмыс жасалып жатыр деп ойлаймын», -дейді депутат.
Бірақ қалай болғанда да қазақ тілін күшейту керек екенін де мәжілісмен Мұрат Ергешбаев айтып отыр. Себебі қазір кішкентай балалардың өзі орыс тілінде шүлдірлеп жүргенін көру намысқа тиеді.
«Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында айтқан: «Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі» деген. Болды, бізде басқа мемлекетік тіл жоқ. Біздің мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Сондықтан оны ары қаратай дамытуымыз керек. Оны қалай істейміз? Инстаграмда, Тиктокта өзге ұлт өкілдерінің әдемі қазақша сөйлеп отырған роликтері бар. Сосын рекламалық кейс деген болады. Көшеде, әр жерде көзің түскен жерде қазақ тілінің рекламасы тұрса, мен мысалы қазақша сөйлеу туралы ойланатын едім. Көшеге шықсаңыз кіттей балаға дейін орысша сөйлеп жатыр. Бұл намысыңа тиетін нәрсе ме? Тиетін нәрсе. Оны күштеп жасай алмаймыз ғой. Бірақ санасына жеткізуіміз керек. Жаңағы өзге ұлт өкілдерінің әдемі қазақша сөйлеп отырған 1-2 минуттық роликтерін алсақ, біздің қазақтардың намысына тигізіп сөйлеп жатыр сол жерде», -дейді Мәжіліс депутаты.
TNS деректеріне сәйкес 2020 жылдан бастап елімізде әлеуметтік желіні пайдаланушылар саны күрт өскен. 2021 жылдың қаңтарында жалпы саны 12 млн адамға жетіп, 2020 жылдың басымен салыстырғанда 26%-ға (2,5 млн адамға) артты. Жалпы, Қазақстанда 2021 жылы статистикалық деректерге сәйкес әлеуметтік желіні қол¬данушылардың үлес салмағы 63,5% -ға дейін жетті.
Бүгінгі таңда халықтың 93%-тен астамы eGov порталы арқылы электрондық қызметтерге қол жеткізе алады. Мемлекеттік қызметтердің 90,8%-і смартфондар арқылы қолжетімді. Биометриялық сәйкестендіру мен QR-қолтаңбаларды енгізу электрондық қызметтерді алу процесін жеңілдетті — бір жыл ішінде қазақстандықтар QR-кодтар арқылы 23 миллионнан астам құжатқа қол қойды.