18 сәу, 2024 сағат 17:35

Қазақ тілін қорлаған алматылық қыз екі жылға сотталды


Фото: depositphotos.com/diy13@ya.ru


21 жастағы алматылық Элина Лю қазақ тілі туралы айтқан бейәдеп сөздері үшін екі жылға сотталды. Сот оны ұлтаралық араздық тудырғаны үшін кінәлі деп тапты, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат»  Massaget.kz  -ке сілтеме жасап.


Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, алматылық қызға заң тұрғысынан ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабы бойынша жаза тағайындалған.


"Элина Лю осы жасына дейін көп нәрсеге қол жеткізді: дүниеге бала әкелді, әлеуметтік желілерге тіркелді, енді міне түрмеде отыр. Ол Қылмыстық кодекстің 174-бабы "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған әрекеті" үшін сотталды", - дейді ол.


Элина былтыр күзде TikTok желісінде тікелей эфир өткізген. Оны мыңға жуық көрермен тамашалаған. Тікелей эфир кезінде оқырмандарының бірі оның ұлты мен дінін сұрап, мемлекеттік тілде сөйлеуін талап етеді. Ал алматылық қыз бұл сұраққа дөрекі жауап береді.


"Ол қазақ тілін ұнатпайтынын айтып, бұл тілде тек "мәмбеттер" сөйлейтінін жеткізген. Сондай-ақ ол Алматыдағы Абай көшесіндегі кептелістерге ауылдан келгендерді кінәлі деп айыптаған. Қала берді қалада ешкім қазақша сөйлемейтінін баса айтып, жазылушысына ұрысқан", - дейді журналист.


Осылайша, Людің эфирдегі сөзі интернетте таралып, әлеуметтік желіні бақылайтын жедел уәкіл онда алауыздық белгілерін көрген.


Сарапшы Лю сөздерінде қазақ ұлты өкілдерінің ар-намысына қатысты қорлау және ұлттық араздық пен алауыздықты қоздыру белгілері бар екенін алға тартқан. Нақтырақ айтсақ, "қазақ ұлтының өкілдерін кемсіту" және "қазақ ұлтының тілін менсінбеушілік" бар деген қорытындыға келген.


Сотта Лю өзіне жазылушының мемлекеттік тілді білмегеннен кейін, Қазақстаннан кетуін талап етіп "арандатушылыққа бой алдырғанын айтқан". Ол кінәсін мойындамай, тек жағымсыз пікір жазғандардың "намысына тигісі келгенін, "ұсқынсыз тіл" деген сөзді қазақ тіліндегі бейәдеп сөздерге қатысты айтқанын түсіндірген. Бірақ судья Қалима Дуанбекова оның жауабын қанағаттандырмады.


"Сот Людің кінәсінің дәлелденгені туралы қорытындыға келіп, ол өзінің іс-әрекетімен ұлтаралық алауыздықты тудырғанымен, ұлттық ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлаумен, азаматтардың қазақ ұлты өкілдерінің намысына тиген. Людің сөздері Қазақстан Республикасының азаматтарына азаматтық және саяси деструктивті көзқарас тудырады", – делінген сот үкімінде.


Нәтижесінде сот оны ұлтаралық алауыздықты қоздырғаны үшін кінәлі деп тауып, екі жылға соттады. Элина жазасын төменгі қауіпсіздік колониясында өтейді. Ал баласы әжесінің тәрбиесіне берілді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.