Бүгінгі әлемдік ғылымда әңгіменің өзегіне айналып отырған үлкен тақырыптың бірі – құндылықтар, адами құндылықтар. Құндылықтарды зерттеу үлкен ғылым саласына айналып, адамның мәдени және рухани игіліктерінің мәнін терең зерделей бастағаны белгілі. Қазір сәт сайын өзгеріп, құбылып жатқан әлемде өзіңді танып, өз жеке басыңның тұлға ретінде қадірін арттырып, қасиетіңді білу үшін, өзіңді дұрыс бағалап, бағалату үшін басты ұлттық құндылықтарды білу, оны ардақ тұту, қадірін біліп, үлгі ету маңызды.
Құндылықтар сапында ұлттық кодтар мықшегедей бекіген, бекітілген. Құндылыққа айналудың өзі оның бойындағы ұлттың мәдени-рухани кодының болуымен байланысты. Құндылық – дүниетанымның рухани өзегі, қоғамда қалыптасатын сан алуан жағдаяттардың тарихи себептері мен мәнін түсінуге мүмкіндік беретін негіз. Басты таразы осы құндылық болмаққа керек. Өйткені халықтың немесе этностың ерекшелігі мен бірегейлігін айқындайтын осы – ұлттық құндылықтар.
Қазіргі кезде қоғамда жүріп жатқан мәдени өзгерістер мол. Соның ең негізгісі де, маңыздысы да – қазақ жазуы туралы мәселе. Өйткені жазу – ұлттық құндылығымыздың негізгі тұғыры саналатын тіліміздің таңбалық көрінісі. Бүгінгі қабылданатын жазу – ұлттың болашақ рухани-мәдени даму бағытын анықтамақ, ұлттың дүниетанымдық болмысын танытпақ. Сондай-ақ бұл жазу – келешек үшін рухани-мәдени ЕС-ті сақтамақ. Бұл жазу үлгісі қарым-қатынас құралы ретінде ұлттық санамыздағы дүнияуи болмысымызды жаңартпақ. Сондықтан да қазіргі ұсынылып жатқан жазу болашағына ел бей-жай қарамай, әлеуметтік желілерде, күнделікті баспасөз беттерінде белсенділік танытуда. Қазақ сөзінің барынша дұрыс таңбалауына мүдделілік күннен-күнге арта түсуде.
Латын таңбасына көшу – саяси шешім. Ол қабылданды. Ендігі мақсат – қалың қазақ жұртына ұлттық әдеби тілді дамытатындай, әралуан саяси өзгерістерге сәйкес уақытында болған кемшіліктерді түзейтін, тәуелсіз қазақ елінің өз жазуының канондық, өзгермейтін Әліпбиін ұсыну еді.
Қазірдің өзінде әліпбидің төрт нұсқасы ұсынылды. 2017 жылы 11 қыркүйек күні Парламентте латын нұсқасындағы қазақ әліпбиінің алғашқы варианттары таныстырылды (диграф нұсқасы). Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығымен бекітілді (апостроф нұсқасы). 2018 жылдың 19 ақпанында алдыңғы шығарған «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына өзгеріс енгізді (акут нұсқасы). 2021 жылдың 28 қаңтарда Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді. Онда латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылды (жетілдірілген нұсқа).
Еліміздегі әліпби өзгерту сияқты жауапкершілігі маңызды іс Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына жүктелді. Рас, үлкен жұмыстар атқарылды. Бірақ өкініштісі сол, әліпби қайта-қайта өзгертілгендіктен де, оның ұлттық әліпби ретінде енетініне ел ішінде күмән туа бастағаны да белгілі. Әліпби құрастырып ұсынушыларға, ең алдымен, жауаптылық керек дер едік.
Қазіргі ұсынылып отырған жаңартылған әліпби бұрынғыларымен салыстырғанда, рас, біршама оңдалды. Бұл – іргелі істің жемісі. Үлкен ғылыми пікірталастар мен дискуссиялардың нәтижесі. Әліпби түзу жеке ғалымның өзіндік көзқарасы тұрғысынан жазылмағаны жөн. Өйткені бұл әліпби ұлтқа арналып отыр, ұлт мүддесі үшін, рухани жаңғыру үшін, тілдің ішкі заңдылығын бұзбай таңбалап, елдің өткені, бүгіні және болашағын жазу үшін, ақпарат алмасудың қазіргі күнгі басты құралы ретінде пайдалану үшін қажет.
Әліпби жөніндегі қазіргі пікірталас «...әркімнің-ақ бар таласы» деген принциптен шығып отырған дау емес, қазақ ғалымдарына, әсіресе, тіл білімі ғалымдарына темірқазық болуға тиісті Ахмет Байтұрсынұлы идеяларының жалғасып, тіл дамуының қазіргі және кейінгі сатысында ана тіліндегі басты заңдылықтардың орнығуы үшін, ғылыми негізделген, жүйеленген пікірдің қабылдануы үшін туып отыр.
Ең алдымен, кирилл әліпбиінен бас тартуымыздың негізгі себебі – санаға сілкініс жасау, рухани жаңғыру деп түсінгендіктен де, біз тек орыс әріптерін түгел алып тастауды ғана емес, сол кеңес саясаты негізінде кірігіп кеткен дыбыстарды да Ахмет Байтұрсынұлы байламымен қайта орнына келтіру деп білеміз. Қазіргі қолданыстағы И мен У таңбалары да сол орыстық әріптер үлгісіне салудың көрінісі. Мұны зерттеушілердің бәрі мойындайды. Шын сөз – ғылыми сөз. Атақты орыс түркітанушылары Н.А.Баскаков, К.К.Юдахин т.б. сынды ғалымдардың қазақ тіліндегі ҰУ, ҮУ мен ЫЙ, ІЙ дауысты және дауыссыз дыбыстарының И мен У-ға біріктірілуі асыра сілтеу болғаны туралы айтқан пікірлерін әлеуметтік желіде ғалымдар жазды. Басқасын былай қойғанда, И мен У дауыссызын бірде дауысты, бірде дауыссыз етіп, оның алдындағы дауысты дыбыстарды жазуда елемеу, кейін мүлде жоқ ету 1938 жылғы қаулымен бекітілгені де бүгін тарих болғанымен, кешегі күндегі нақты факті еді. Бұл туралы дауысты және дауыссыз дыбысты біріктіріп, үнемдеп жазуды қолдап жүрген Қ.Күдеринова «Қазақ жазуының тарихы мен теориясы» атты еңбегінде 1938 жылғы әліпби мен графикадағы өзгерістер болғанын, «ҰУ мен ҮУ қосар әріп орнына бір ғана – У, ЫЙ мен ІЙ қосар дыбысының орнына бір ғана – Й таңбасы алынғанын» жазады (2013 ж. 255-бетте). И мен У таңбасы арқылы дауысты және дауыссыз дыбысты біріктіріп жазу – грамматология заңдылығына қайшы. Мұнда қазақтың төл дауысты дыбыстары жұтылады да, дауыссыздың көлеңкесінде қалып, айтылымда сөздің әуезділігі бұзылады.
«Дауысты дыбыстар сөздің жаны, дауыссыз дыбыстар сөздің тәні есебінде» деп санаған Ахмет Байтұрсынұлы әрбір әріп пен оның айтылу жолын тәптіштеп түсіндіріпті. Біз ҰУ мен ҮУ-ді У-ға, ЫЙ мен ІЙ-ді Й-ға біріктіріп, үнемдеп жазу арқылы әр сөздің жеке-жеке «жанын» аламыз. «Дауыссыз дыбыстар дауысты дыбыстардың иелігінде» дегенде ғалым қазақ тіліндегі үндестік заңының ерекше қасиетін айта отырып, оның айту мен жазудағы нақты әрі табиғи қалпын сақтайтынын ескереді. Бұл ғылыми шындықты кейінгі барлық түркітанушы ғалымдардың мойындағаны, теориялық та, тәжірибелік те тұрғыдан анықтағаны тағы шындық.
Й – У (дауыссыз)
У – W (дауыссыз) – болып таңбалануы профессор Ә.Жүнісбек мырза дәлелдеп жүргендей, грамматологиялық тұрғыдан тілдің ішкі заңдылығынан шығады. Жүйелі сөзге ғана емес, барлық түркітанушы ғалымдар айтып кеткен, қазір қазақ ғалымдары түгелге жуық қолдап отырған (Орфотопқа енбеген ғалымдар түгелге жуық) ғылыми анық пікірге әліпби жасаушы ғалымдардың неге тоқтамай отырғаны түсініксіз.
Қазіргі Й дауыссыз дыбысы А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты ұсынған әліпбиде У (уай) таңбасымен берілген еді. Бұл таңба қазіргі қолданысқа біршама еніп, жазылып жүр. N.Nazarbayev, K.Tokayev т.б. кісі атауларының жазылуы осылай қалыптасты.
Жаңартылған әліпбиде дауысты дыбыстар жуан және жіңішке сыңарымен, жіңішке жұбы базалық әрпінен умлаут арқылы ажыратылған (а-ä, о-ö, u-ü). Осы жүйе ы мен і жуан-жіңішке сыңарында да бұзылмай, ы – I, і – і түрінде жазылуы жалпы жазу жүйесін сақтау үшін де, оқушыға түсіндіру үшін де, есте сақтау үшін де маңызды болар еді.
Ұсынылып отырған әліпбидегі в әрпінің сақталуының себебін -ов, -ев, -ова, -ева болып аяқталатын кісі тегінде жиі кездесетіндігімен түсіндіруге болады. Бірақ ф дыбысының қазақ сөзінде кездеспейтіні, араб-парсы тілінен енген сөздердің бәрінде «п» болып қалыптасып кеткені анық (фарыз – парыз, фатуа – пәтуа, ферғауын – перғауын, фалсафа – пәлсапа, Фатима – Патыма, Фазыл – Пазыл). Әліпбиде F-Ф таңбасының тек «футбол» (аяқдоп немесе putbol ) сөзі сияқты санаулы атауларды жазу үшін алынып отырғанын қолдау қиындау. F(ф), х (х), у (в) – әріптері 1938 жылғы «Қазақ әліппесі мен орфографиясын біраз өзгерту туралы» қаулысы негізінде енген еді.
Бүгінгі таңда жазуды өзгертуде ескі мен жаңаның тартысы айқын көрінді. Жазу өзгерту тек әліпби өзгерту емес екені анық білінді. Жазу өзгерту деген, шындап келгенде, астары терең, қыртысы мол, саяси да, экономикалық та, әлеуметтік те мәселе екенін нақты сезіндік.
Ескі деп – кешегі заманы өткен кеңестік кезең мен сол кезең туғызған тілдегі жалған қисынды түсінеміз. Жаңа деп – рухани жаңғыру уағында жаңарып жатқан Ахмет қағидасын ұғамыз. Ұлт мүддесі үшін 5 рет түрмеге түсіп, 2 рет жер аударылған Ахмет Байтұрсынұлы өзі айтқан «ертеңін» ертеңге ұзартпай, болашақ иығына жүк етіп артпай, Тәуелсіздік таңының 30 жылында тілдің ішкі заңдылығының өз сұранысына орай шешерміз. Әліпби мәселесі оң шешімін табу үшін, әліпби жасаушы ғалымдарға, ең алдымен, «менбілемдік» санадан ұлттық сана биігіне көтерілуі маңызды. Уақыттың өзі осыны талап еткендей. Қазіргі ғалымдар арасында орын алған пікірталастардың да себебі бар, салдары да оң болады, пайдасы Ел үшін. Халықтың көкірек көзі ашылды. Кеңес үкіметі құлаққа құйған, сіңіп қалған «кеңестерден» қалың жұртшылық бірте-бірте бой тарта бастады. Әліпби туралы ғылыми ой сараланып, пікірдің айқындығы нақтыланып, ақ пен қарасы ажырап келеді.
Демократия дендей енген біздің қоғамда қандай әліпби керек екенін ұлт болып қазақ баласы өзі таңдайтын деңгейге де жақындап келеміз. Тілдің рухани құндылық екенін тереңнен түсінгендіктен, қазіргі қалың қауым да, зиялылар да, тіл білімі ғалымдары да қазақ сөзінің барынша дұрыс таңбалауына мүдделі.
Анар САЛҚЫНБАЙ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы