02 нау, 2026 сағат 10:54

Қазақ қыздарын қорлағаны үшін жазаланған стример видеоүндеу жасады


Фото: masa.media

Қазақстанда қазақ қыздарына қатысты айтылған қорлау сөздерден кейін 15 тәулікке қамауға алынған ресейлік стример Анар Абдуллаев бостандыққа шыққан соң көпшілікке видеоүндеу жолдады. Бұл жөнінде Ult.kz хабарлады.

Үйіне оралған стример өзінің Telegram-арнасында жариялаған бейнежазбасында қазақ халқынан кешірім сұрап, болған жайттың мұншалықты ушығып кеткеніне әлі де сенер-сенбесін білмейтінін айтты. Ол әріптесі Ренатпен бірге қиын кезеңді бастан өткергенін атап өтіп, өздеріне қолданылған жазаны орынды деп қабылдайтынын жеткізді.

Анар Абдуллаевтің сөзінше, ешкімді әдейі ренжіту немесе қоғамда жағымсыз пікір туғызу мақсаты болмаған. Ол қазақ халқынан тағы да кешірім сұрап, осы жағдай кезінде қолдау білдірген азаматтарға ризашылығын білдірді.

"Барша қазақ халқынан тағы да кешірім өтінемін. Жағдайдың осылай шиеленісіп кеткеніне өкініш білдіремін. Ешкімді қапаландыру ниетім болған жоқ. Мен достық қарым-қатынасты қадірлеймін. Қолдау көрсеткендердің бәріне алғыс айтамын. Қазір үйдемін", – деді стример.


Еске сала кетейік, биыл ақпан айының басында Алматы қаласында “STAYA” тобының мүшелері – Анар Абдуллаев пен Ренат Пашаев 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған еді. Тікелей эфир барысында олар қазақстандық көрермендермен сөзге келіп қалған. Даудың туындауына стрим кезінде қазақ қыздарына бағытталған қорлау сөздер себеп болған.

Оқиғадан кейін Әзербайжан тарапынан өкілдер жағдайға байланысты өкініш білдіріп, стримерлердің айтқан сөздері үшін кешірім сұрады. Сонымен қатар олар Қазақстанға деген құрметтің ерекше екенін атап өтті.