05 қыр, 2025 сағат 10:32

Қазақ халқының тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам өмірінде қалыптасқан салт-дәстүрлері

Фото: weproject.media

Салт-дәстүр - ғасырлар бойы өмірдің өзі туғызған әдет-ғұрыптардың жиынтығы, қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері, өнеге тәжірибесі. Әр ұлттың, әрбір халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес өзіндік ерекшеліктері көрініп тұрады. Өзіндік психикалық ерекшеліктерін көрсететін қасиетіне байланысты оны басқа халықтан айырып танитын белгілерге айналады. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар демекші ол да қоғам дамуына сәйкес көнеріп, жаңарып, жаңғырып, одан әрі дамып отырады. Қазақ халқы үшін атадан балаға көшетін жазылмаған қоғам заңы болып негізделетін салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік мәні өте зор. Ол халқымыздың дүниетанымы, ұрпақ тәрбиесінің арқауы, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне сақталған рухани байлығы. Әдет-ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды бәрі осы салт-дәстүрдің көрінісі.

Әрбір рәсім, жоралғы өмірдің белгілі бір кезеңіне мән береді. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап та отырған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы, той, наурыз көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, ерулік ата салты болып саналады. Ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың, т.б. жатады.

Дәстүрді сақтау болашаққа жол салу. Біз осыдан ажырап қалмауымыз керек. Бала дүниеге келгеннен бастап ақтық сапарға дейінгі аралықтағы дәстүрлер халықтың өмірге көзқарасын, бірлігін, сыйластығын көрсетеді. Сондықтан қазақтың әрбір салты тек қана өткеннің белгісі емес, бүгінгі ұрпақ үшін тәрбие мектебі. 

Қазақтың өмірлік салт-дәстүрлері ұрпаққа өнеге

Салт-дәстүр адам дүниеге келген күннен бастап, өмірден өткенге дейін жан-жақты бағыт-бағдар беретін рухани мұра. Ол ұрпақты ізгілікке тәрбиелеп, әр кезеңнің мәнін түсіндіретін ұлттың мәдени коды, тәрбиенің қайнар көзі. Сондықтан «Дәстүр халық қазынасы» деп бекер айтылмаған. Әр дәстүрдің астарында терең мән-мағына, тәлім-тәрбие жатыр. Қазіргі таңда ұлтың ұйытқысына айналған, оның сақталуына әсер ететін дана халықтың өзі жасаған осы әдет-ғұрып пен жөн-жосықты біліп, үйрену және өмірде қолдану ағайынды адастырмас сара жол. Бірақ, өкінішке орай адамдардың көбі ырым мен салт- дәстүрді шатастырады екен. Ата-баба өсиеті болып келе жатқан салт-дәстүрлердің өзіндік ерекшеліктері болса, ырым-жырымдар арнайы тыйымдар үшін қолданылған. Мұны отбасында ата-ана, мектепте ұстаз, көпшілік ортада ақсақалдар жастарға үйретіп, айтып отырса, ұтарымыз көп болар еді.

Өмір есігін ашқаннан басталатын дәстүрлер

Әрбір сәби дүниеге келгенде қуанышқа кенелген қазақ оны жоралғымен қарсы алған. Алдымен азан шақырып ат қойған.

Ат қою дәстүрі есімге жауапкершілік

Дүниенің есігін жаңа ашқан сәбиге азан шақырып ат қоюға ерекше мән берілген. «Атың адамды алға жетелейді» деген сенім болған. Есім таңдағанда ата-әже, ауыл ақсақалдары ақыл қосқан. Әрбір аттың өз мағынасы бар. Ат қою дәстүрі болашаққа бағыт беру, перзенттің өміріне тілек айту. Бұл дәстүрден үлкендердің даналығы мен жауапкершілігі көрінеді.

Шілдехана өмірдің алғашқы тойы. Бұл дәстүр баланың ғұмыры ұзақ, ғибратты болсын деген ниетпен жасалады.

Қырқынан шығару сәбидің алғашқы қадамдарына дейінгі ең маңызды рәсім. Бұл арқылы баланың өмірі тазалықпен басталады.

Тұсаукесер бала тәй-тәй басқанда жасалатын ырым. Баланың тұсауы адал адамға кестірілсе, өмір жолы да адал болсын деген сенім бар.

Ақыл-кеңес: әр ата-ана осы дәстүрлер арқылы баласына алғашқы тәрбиені беретінін ұмытпауы керек. Өйткені бала дүниеге келгеннен бастап оған берілетін жылулық пен жасалатын ырымдар оның болашақ мінезіне әсер етеді.

Өсіп-жетілу кезеңіндегі дәстүрлер

Сүндет той ұл баланың ер жетуін білдіретін мереке. Бұл тәрбие мен тазалыққа бастайтын қадам. Қазақ халқы бұл тойға ерекше мән берген. Сән-салтанатымен аталып өтетін, өзіндік жөн-жоралғылары көп той.

Тілашар баланың білімге деген алғашқы қадамы. Қазақ білімді ең үлкен байлық санаған.

Ақыл-кеңес: Балаға оқу-білімді насихаттау ата-ананың парызы. Тілашарды тек рәсім ретінде емес, білімге серпін беретін үлкен қадам деп қабылдау қажет.

Жастар мен отбасына қатысты дәстүрлер

Құда түсу, қалыңмал екі жастың ғана емес, екі әулеттің де жақындасуы.

Қыз ұзату қыздың болашақ отбасына аманатталуы.

Беташар келіннің үлкендерге иіліп сәлем беруі, жаңа әулетке сіңісу жолы.

Ақыл-кеңес: Отбасын құрған жастарға үлкендер әрдайым бағыт-бағдар беріп, ақылын айтуы керек. Дәстүр тек рәсім емес, ол жауапкершілік мектебі.

Қоғамдық өмірдегі дәстүрлер

Қонақжайлық қазақтың ең асыл қасиеттерінің бірі. «Қонақ келсе, құт» деп, дастарқан жайып қарсы алу берекенің белгісі.

Наурыз мерекесі табиғатпен үндестікті, бірлік пен татулықты дәріптейтін дәстүр.

Ақыл-кеңес: Кімге де болсын қонақжай болу сыйластықтың белгісі. Қонаққа ізгі ниет білдіру өзіңнің де жүрегіңді кеңейтеді.

Соңғы сапарға қатысты дәстүрлер

Адам өмірден өткенде де қазақ дәстүрге аса мән берген.

Жаназа шығару соңғы құрмет көрсету рәсімі.

Жоқтау марқұмның қадір-қасиетін еске алу.

Ас беру өткенді ұмытпай, тағылым алу үшін жасалатын дәстүр.

Ақыл-кеңес: Марқұмды еске алу тек өткенді жоқтау емес, кейінгі ұрпаққа ғибрат қалдыру. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бекер айтылмаған.

Қорытынды ой

Қазақтың салт-дәстүрлері ғасырлардан жеткен асыл қазына. Әрбір салт-дәстүр өмір мектебі. Ол адамға өнеге, қоғамға тәрбие, ұрпаққа бағдар береді. Оны білу, құрметтеу ұлттың болашағын қорғау, рухани байлықты сақтаудың кепілі. Бүгінгі ұрпақ осы дәстүрлерді ұмытпай, күнделікті өмірде ұстанса, ұлттық болмыс та, адамдық қасиет те сақталады. Ендеше салт-дәстүрімізді жастарға насихаттап, күнделікті өмірде қолдану ең басты парызымыз.

Есте сақтайық:

Дәстүр тәрбие құралы.

Әр рәсімнің астарында өмірлік сабақ бар.

Дәстүрді сақтау ұлтты сақтау.


Қарлығаш Шакирова