Фото: ҚР МАМ
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі академик, философия ғылымының докторы, профессор, көрнекті ғалым және мемлекет қайраткері Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдиннің дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына, сондай-ақ барша қазақ халқына қайғыра көңіл айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Жабайхан Мүбәрәкұлы – қазақ ғылымының аса көрнекті өкілдерінің бірі, отандық философия мен диалектикалық логика мектебінің негізін қалаған дара тұлға. Ол теориялық таным, логика, философиялық әдіснама салаларында өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырып, ғылымға бүтін бір дәуір сыйлаған ғалым ретінде бағаланды.
Мемлекет қайраткері ретінде елдің рухани және ғылыми дамуына өлшеусіз үлес қосқан. Ғалымның жетекшілігімен ондаған ғылым докторлары, жүздеген шәкірттер тәрбиеленіп, ұлттық философиялық ойдың дамуына ерекше серпін берді.
Жабайхан Әбділдиннің жарқын бейнесі, ғылымға сіңірген еңбегі мен қайраткерлігі ел жадында мәңгі сақталмақ.
Марқұмның туған-туыстарына көңіл айтып, иманы саламат, жаны жәннатта болсын деп тілейміз.
