Фото: ашық дереккөз
Қазақстанның «Оскар» жүлдесіне ұсынған «Кадет» фильмі беделді сыйлықтың «Халықаралық көркем фильм» номинациясынан алынып тасталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Фильмнің продюсері Ерлан Бухарбаевтың айтуынша, мұндай шешім «Оскар» академиясының әкімшілігі тарапынан қабылданған.
Басты себеп – Лига кинематографистерінің хаты. Онда фильмнің операторы Еркінбек Птыралиевтің ұлттық іріктеу комиссиясының құрамында болғаны және өз фильмі үшін дауыс беруі мүмкін екені айтылған.
«Бұл шындыққа жанаспайды, бұған ресми дәлел де болған. Алайда не істей аламыз? Репутациялық тәуекелдерге сілтеме жасаған Лига басшысының жеке ұнатпаушылығы өз дегеніне жетті», – деп жазды продюсер әлеуметтік желіде.
Ал Лига кинематографистері өз кезегінде айыптауларды жоққа шығарып, олардың мақсаты тек ашықтық пен әділдікті сақтау болғанын мәлімдеді.
«Біз фильмге немесе жеке адамдарға қарсы болған жоқпыз. Мәселе – кәсіби этика мен ашық шешім қабылдау принциптерін сақтау жайында. Қазақстандық кино халықаралық деңгейде мойындалуға лайық, бірақ бұл үшін әділдік пен көрерменге, авторларға, ел беделіне деген құрмет қажет», – делінген ресми жауапта.
Алайда өтінім қабылдау мерзімі аяқталғандықтан, Қазақстан енді 2026 жылғы «Оскар» байқауына қатыса алмайды. Бұл ел киносы үшін үлкен мүмкіндік пен номинациядан айырылу деген сөз.
Мәселеге актриса Дариға Бадықова пікір білдірді.
«Кадет фильмі – еліміз атынан Оскарға жолдама алған алғашқы үміткерлердің бірі еді. Өкініштісі, сол қуанышты сәтті біз өз ішіміздегі көреалмаушылықпен көлегейлеп алдық. Шындығында, бұл тек бір фильмнің тағдыры емес, біздің өнерге деген көзқарасымыздың айнасы болды… Өнерде жеңіліс те, жеңіс те – ортақ. Қуанбасақ, қолдамасақ – ешқашан биікке шыға алмаймыз. Қазақ киносы – біздің рухани қазынамыз, ал оны көтеру – әрқайсымыздың міндетіміз. Мен өзіме кезінде сенім артқан адамға қазір қолдау білдіруді парыз санаймын. Өйткені мен сенемін: қазақ киносының күші – бірлікте, болашағы – қолдауда, рухы – әділдікте», - деді Дариға Бадықова.
Айта кетейік, «Кадет» фильмі режиссер Әділхан Ержановтың туындысы. Картина 2024 жылы Токио халықаралық кинофестивалінде көрсетілген, ал Қазақстандағы премьерасы 2025 жылдың қаңтарында өткен болатын.
Өткен жылы ел атынан «Бауырына салу» фильмі ұсынылған, ал 2023 жылы мүлде бірде-бір туынды жіберілмеген еді.
