28 шіл, 2016 сағат 11:20

Қазақ даласының бір жарым ғасыр бұрынғы бейнесі

Томас Аткинсон салған Сүйік сұлтанның отбасы

Алматыда қазақтардың 19-ғасырдың ортасындағы тұрмысын сипаттаған британ саяхатшылар Томас және Люси Аткинсонның жазбалары мен суреттері таныстырылды. Қазақстанды аралаған саяхатшылар туралы кітаптың презентациясына Алатау Тамшыбұлақ есімді жалғыз ұлынан тараған ұрпақтары келді.

Бұл — британ жазушысы Ник Филдингтің Алматыға үшінші рет келуі. Бұл жолы ол мұнда жағымды миссия — отандастары Томас пен Люси Аткинсонның қазақ даласына 1846-1853 жылдары жасаған саяхаты туралы жазған кітабын таныстыру үшін келген. Аткинсондар — қазақ жерін аралаған алғашқы шетелдіктер болмағанымен, оның шығыс бөлігінде болып, саяхаттарын кітаптарында сипаттап жазған бірінші ағылшындар.

НИК ФИЛДИНГКЕ ҚОЙЫЛҒАН БІРНЕШЕ СҰРАҚ

Ал Ник Филдингтің өзі 160 жыл бұрын отандастары Томас пен Люси Аткинсон болған орындардың бәрін аралап шыққан. Олардың ішінде Зырян, Өскемен, Зайсан, Аягөз, Қапал, Алакөл сияқты жерлер бар. Ник Филдингтің айтуынша, ол Орталық Азияны көп аралаған және бір күні Томас пен Люсидің өткен ғасырда шыққан кітаптарын кездейсоқ ұшыратқан. Ол «екеуі жайлы көпшілік неліктен ештеңе білмейді?» деген ойға қалған.

Британ жазушысы Ник Филдинг Аткинсондардың саяхат маршрутын көрсетіп тұр. Алматы, 26 шілде 2016 жыл

Британ жазушысы Ник Филдинг Аткинсондардың саяхат маршрутын көрсетіп тұр. Алматы, 26 шілде 2016 жыл

Ник Филдинг осылай Томас пен Люси Аткинсонның саяхаттарына қатысты тарихты зерттеумен айналысып, бес жылдан кейін кітап етіп шығарған, бұл еңбекті енді Қазақстанда да оқуға болады. Рас, әзірше оқырмандар қолына ағылшын тілінде ғана шыққан кітаптың санаулы данасы ғана тиген. Бірақ қазір оны қазақ және орыс тілдеріне тәржімалау жұмыстары жүріп жатыр.

Кітапта Ресейдің Азия бөлігі — қазіргі Қазақстан территориясына жасаған саяхаттары кезінде Томас Аткинсон салған иллюстрациялар көп. Оларда Шығыс Қазақстанның табиғаты ғана емес, сол замандағы қазақтардың тұрмысы да бейнеленген.

Тарихшылар ортасында Томас Аткинсон мен оның әйелінің Ресейдің азиялық бөлігіне жасаған саяхатына қатысты әлі анықталмаған сауалдар бар. Мысалы, оның негізгі миссиясы қандай болған деген сияқты. Бұл жайлы пікірлер әр қилы. «Тыңшы, барлаушы болған деген болжамнан бастап салатын суреттеріне объект, натура іздеген» деген болжамға дейінгі пікірлер айтылады.

Британ жазушысы Ник Филдингтің «Ұлы даланың түстігіне сапар: Томас пен Люси Аткинсонның 1847–1852 жылғы Шығыс Қазақстанға сапары» атты кітабының мұқабасы. Алматы, 26 шілде 2016 жыл.

Британ жазушысы Ник Филдингтің «Ұлы даланың түстігіне сапар: Томас пен Люси Аткинсонның 1847–1852 жылғы Шығыс Қазақстанға сапары» атты кітабының мұқабасы. Алматы, 26 шілде 2016 жыл.

Томас Аткинсонның өмірбаянын зерттеген бес жылда бұл мәселеге қатысты өз пікірі қалыптасқан Ник Филдингке Азаттық тілшісі осы сұрақтарды қойды. Ник Филдингтің пікірінше, Томас Аткинсон Ресейге бірінші әйелінен туған ұлының қазасынан (бұл жағдай Германияда болған) кейін шалғай, тұмса мекен іздеп аттанған.

— Меніңше, ол мұнда әлдебір арнайы тапсырмамен емес, жанына тыныштық іздеп келген сияқты, — дейді ол.

Аткинсондардың Ресейді аралаған сапары жайлы кітаптарының орыс тіліндегі толық нұсқасының ешқашан шықпағаны да түсініксіз.

Ник Филдингтің пікірінше, бұған тағы бір саяхатшы – орыс ғалымы Петр Семёнов-Тян-Шанский ықпал еткен сияқты.

— Біреудің одан сегіз жыл ерте саяхат жасап қойғаны оған ұнамаған. Меніңше, негізгі себебі осы, — дейді ол.

Томас Аткинсон саяхаттары туралы кітаптарды ресейлік ғалымдардың шындап қабылдамауына Ресейдің беделді саяхатшысы әрі географының пікірі ықпал еткені анық. Өз кітаптарының бірінде Петр Семёнов-Тян-Шанский «Аткинсон жазғандарының ешқайсысына сенуге болмайды» деп жазған.

ҰМЫТЫЛУҒА ШАҚ ҚАЛҒАН КІТАПТАР

Томас пен Люси Аткинсонның жазбалары оқырмандардың шектеулі ортасына, көбінесе 19-ғасырдың орта шеніндегі Орталық Азия мен Батыс Сібір халықтарының тыныс-тіршілігін терең білгісі келетін жандарға ғана таныс. Постсоветтік кезеңде Қазақстан мен Ресейде бұл жазбаларға деген қызығушылық артты.

Алматыда «Қазақстан тарихы XI–XX ғасырлардағы Батыс деректерінде» топтамасымен Томас пен Люси Аткинсон кітаптарының орысшаға аударылған көлемді үзінділерінің жеке томы үш мың тиражбен 2006 жылы жарық көрді («Санат» баспасы). Ал кейінгі кезде Барнауылда Аткинсондар өмірінің негізінен барнауылдық кезеңін зерттеумен айналысқан Наталья Волкова жасаған Люси Аткинсонның кітабы тарауларының жаңа аудармалары шықты.

Бұл суретте Люси Аткинсонның қазақ әйелдермен шай ішіп отырғаны бейнеленген.

Бұл суретте Люси Аткинсонның қазақ әйелдермен шай ішіп отырғаны бейнеленген.

Аткинсондар өз кітаптарында қазақ қоғамының тыныс-тіршілігін, қазақтардың мінез-құлқы мен тұрмысын сипаттауға көп көңіл бөлген. Мысалы, Томас Аткинсон әйелі екеуіне әңгімелесудің сәті түскен қазақтың бірнеше сұлтанының сипаттамасын берген. Бұлан сұлтанды ол «ең оқымысты әрі дарынды қазақ» ретінде, Бек сұлтанды «ең денелі әрі ең бай дала қазағы» ретінде сипаттаған. Ал Сүйік сұлтанды Аткинсон «барымтадан 80 жасында да қалмаған дала қарақшысы мен баукеспесі» ретінде сиптаттайды.

Томас Аткинсон тарихта қазақ сұлтандарының портреттерін де қалдырған. Бірақ Сүйік сұлтан оған барымта кезінде балта тиіп, зақымданған мұрнын түзу етіп салуды өтінген. Сұлтан орыс императоры мұрнына қарап, қарақшылықпен айналысатынын біліп қояды деп қорыққан. Сүйік сұлтан портретте үстіне алқызыл түсті шапан киіп, өңіріне Бірінші Александр жіберген алтын медальді тағып, қылышын асынып отырған күйінде бейнеленген.

Томас Аткинсонның сақталып қалған жалғыз суреті слайдтан көрсетілді.

Томас Аткинсонның сақталып қалған жалғыз суреті слайдтан көрсетілді.

Аткинсонның қазақ қоғамын сипаттаған жазбаларын қазіргі тарихшылар әр қилы бағалайды. Томас пен Люси Аткинсонның кітаптарынан алынған үзінділерді құрастырған алматылық Ирина Ерофеева «авторларға қазақ халқына деген ақ пейілі мен тілектестік әрі оның тарихы мен мәдениетіне деген риясыз қызығушылық тән» деп жазады.

Ал ресейлік тарихшы Е.А.Чупахина әлгі жазбаларды сәл өзгеше бағалап, «Көшпенді қазақтардың тұрмысын, олардың табиғатқа етене жақындығын ол романтика деп сипаттатауға бейім… Әрине, Люси Алатаудың әсемдігіне тәнті болған, бірақ «өркениет адамы» өмірімен салыстырғанда, көшпенділердің өмірі оған мәнсіз әрі түкке тұрғысыз көрінеді» (Записки Люси аткинсон о Сибири, Новосибирск, 2012 ) деп жазады.

БАБАСЫНЫҢ ТУҒАН ЖЕРІНДЕ

Қазір Ник Филдингтің жанында Томас пен Люси Аткинсонның 1848 жылдың қарашасында Жоңғар Алатауы баурайында дүниеге келген жалғыз ұлдарының 10 ұрпағы еріп жүр. Бұл кезге қарай ерлі-зайыпты Аткинсондар орыстың Қапал әскери бекінісіне (қазіргі Алматы облысы Ақсу ауданындағы Қапал ауылы) жетіп алған. Әке-шешесі балаға еуропалықтарға тосындау естілетін ныспы – Алатау-Тамшыбұлақ деген қос ат қойған. Оның алғашқысы тау сілемі құрметіне, екіншісі Қапалдағы Тамшыбұлақ бастауының құрметіне берілген.

Томас пен Люси Аткинсондардың Қазақстанға келген ұрпақтары. Алматы, 26 шілде 2016 жыл

Томас пен Люси Аткинсондардың Қазақстанға келген ұрпақтары. Алматы, 26 шілде 2016 жыл

Ник Филдингтің болжамынша, сәби Тамшыбұлаққа шомылдырудың арқасында тірі қалған. Мерзімінен ерте туса да, Алатау-Тамшыбұлақ қана тірі қалып, сол жылғы қыста туған өзге сәбилердің бәрі шетінеп кеткен. Люсидің барнауылдық таныстарының бірі баланың есіміне қатысты белгілі мақалды «Тышқанды тау емес, тауды тышқан туған» деп әзілдеген. Аткинсондардың саяхаты кезінде еріп жүрген үлкен итті де «Алатау» деп атаған. Ағылшын саяхатшыларның үнемі жанында болған казактардың бірі итті «Алатау», ал баланы «Алатау мырза» деп атаған.

Әке-шешісінің саяхаты кезінде Алатау-Тамшыбұлақ есейіп, талай қиындығын бірге тартқан. Люси Аткинсонның кітабында қазақтардың баланы қалай жақсы көргені айтылады.

«Оның бартерге айырбасталып кете беретін қыз емес, ұл бала болғаны қандай бақыт! Маған байғұс әйелдерден өзге ешкім мойын бұрып қарамайды. Бірақ ұл баланың жөні бөлек. Сұлтандар «біздің территорияда туып, біздің қойымыз бен жабайы жануарлардың етімен қоректенген, атымызға мінген бала, есімі де біздікі, сондықтан ұлы көсем болу үшін елде қалдыруға тиіссіңдер» деп мәлімдеп, оны алып қалғысы келді. Сұлтандардың бірі баланы қалдырса, бір үйір жылқы мен нөкер қосып беруге уәде еткен.

Қазақтар Алатау-Тамшыбұлаққа жібек мата, шапан тігуге арналған мата кесінділері, толып жатқан қозы-лақ сияқты сыйлықтар беріп, шешесі оларды «ғажап тартулар» деп атаған.

Ник Филдингтің айтуынша, Алатау-Тамшыбұлақ есейген соң Гаваий аралына кетіп, сол жақта жоғары білім саласында жұмыс істеп, үлкен беделге ие болған. Томас пен Люси Аткинсонның планетаның әр түкпірінде — Флорида, Гавайи, Жаңа Зеландия және Ұлыбританияда тұратын ұрпақтары енді бабаларының бірі дүниеге келіп, кіндік қаны тамған жерлерді көрмек. Олар Алматыдан кейін Қапалға — жергілікті халық қасиетті бастау санайтын Тамшыбұлаққа бармақ.

"Азаттық"