13 мау, 2017 сағат 19:42

Қазақ ауылдарының болашағы — бірігу

90-жылдары алғаш рет кооператив халық санасына сіңісе бастады. Кеңестер үкіметінен қалған дүние кооперативке сатылды дегенді еститінбіз. Бұрынғы колхоз бен совхоздың орнын кооператив басатын болды. Сөйтіп, жаңа атаумен қайта құрылып, бұрынғы шаруашылықты жалғастыруы тиіс болатын. Бірақ… Заманауи ұжымдасу сәтті жүргізілген жоқ. Көп ұзамай кооперативтердің де аты ұмытыла бастады.

Биыл «Агроөнеркәсіптің кешенді дамыту» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес кооперативтерге жіті көңіл бөліне бастады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен, өңірлерден кооператив құрылып, субсидия беру жолға қойылды.  Ал жуырда Үкімет отырысында Премьер-министр «кооператив құру қағаз жүзінде қалмасын» деп айрықша тапсырма берді. «Кооперативтерді құру қарқыны жоғары деңгейде екені айтылды, оны селекторлық режімдегі отырыста әкімдер де құптады. Яғни кооперативтер құрып жатырмыз, бірақ ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын кәсіпорындардың өндіретін тауарлары тиісті деңгейде емес. Сонда бұл кооперативтер өнімді қағаз жүзінде шығарып жатыр ма, әлде өнімді өндіретін уақыты жеткен жоқ па?» деп сұрады Үкімет басшысы. Расында, қазіргі таңда ескі әдетке салып, жоспарды орындау үшін қағаз жүзінде құрылған кооперация көбейіп кеткені мәлім. Сондықтан Үкімет басшысы санға емес, сапаға көңіл бөлуді тапсырған еді.

Қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі жаппай қолға алып отырған кооперация еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде ет пен сүт өндірісін көбейтуге бағытталған. Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов айтпақшы, кооперацияны түсіну қиын емес, екі-үш бетке түсінікті тілмен жазылған құжат ауыл әкімдерінің қолына табысталған. Өз кезегінде олар жергілікті тұрғындар мен шағын шаруа қожалықтарына түсіндіруі тиіс. Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма басшысының көмекшісі Александ Самойлов «Ауыл шаруашылығы кооперациялары туралы» заңының жаңа редакциясын былай түсіндірді. «Ауыл шаруашылығы кооперативі коммерциялық ұйым мәртебесіне ие. Оны тіркеу үшін үш қатысушының болуы жеткілікті. Бұрын болмаған бір ерекшелік, кооператив құруда заңды тұлғалардың қатысуына жол беріледі. Кооператив қатысушыларының арасында пайданы бөлуге рұқсат берілген. Белгіленген шарттарды сақтау жағдайында субсидиялар алуға болады. Және, біздің ойымызша, ең бастысы ауыл шаруашылығы кооперативін басқарудағы ең маңызды және демократиялық қағида – үлес пен салымның көлеміне қарамастан, «бір қатысушы-бір дауыс» қағидасы бойынша дауыс белгіленді. Бұл ауылда жаңа әлеуметтік қатынастардың дамуына оң ықпал етеді, бұл ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімді түрде дамуында маңызды рөл атқарады. Кооперация біздің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріміз соңғы онжылдықта істеген әдепкі қалыптан шығуға мүмкіндік береді, еңбек өнімділігі мен өнім сапасын арттыруға негізделген ортақ күштерді біріктіруге жаңа серпін береді», – деді. Қазіргі таңда кооператив құру бойынша барлық 160 ауылдық ауданда семинарлар өткізіліп, 2 мың 248 ауылдық округ әкімдері мен аудан әкімдерінің орынбасарлары оқытылды.

Жуырда Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдау мақсатында биыл 52 миллиард теңге бөлінгенін хабарлады. Оның ішінде Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы – 25 миллиард теңге және нәтижелі жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы негізінде 27 миллиард теңге қарастырылды. Жыл соңына дейін 467-ге жуық ауыл шаруашылығы кооперативі құрылмақшы. Биыл тауар өндірісіне шағын шаруа қожалықтары мен қосалқы шаруашылықтарды тарту арқылы сиыр етінің өндірісі 4,1 пайызға, құс еті – 9,2 пайыз, сүт өндірісі көлемі – 3,3 пайызға ұлғайды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі ауылды елді мекендерде кооператив құру 90-жылдарда басталып, аяқсыз қалған шаруаны қайта жаңғыртқанын айтты. Бұл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. «Осы бағдарлама аясында Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданының «Қызыл жар» және «Бақшалы» елді мекендерінде алғаш кооператив құрылды. Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорының жеңілдетілген несиесі арқылы (жылына 6 пайыз) ірі қара сатып алу мақсатында 104 миллион теңге берілді. Шаруалардың көпшілігі бұл қаражатқа ірі қара алып, жылына екі рет ет өткізуі тиіс. Жыл соңына дейін Бұқар жырау ауданында тағы бес кооператив құру жоспарланған», – деді Қайрат Айтуғанов.

Мысалы, кооперативке біріккен «Шекшек ата» сүт фермасын құрушылардың бірі шаруашылықтың жаңа формасы жайында өз ойын білдірген еді. «Біз ешкі сүтін өндіру бойынша кооперативке біріктік. Мұнда екі жеке тұлға мен бір шаруашылық бар. Қазіргі таңда сегіз адам жұмыс істейді. Арнайы субсидия алып, оған қоражай тұрғызып, ұсақ мал сатып алдық. Күніне 200 литр сүтті жергілікті базарға шығарамыз. Бұрынғыдай емес, кооперация бойынша субсидия алудың жолдары жеңілдетілген», – деді.

Өткен жылдан бастап Елбасының тапсырмасына сәйкес шағын және орта шаруашылықтарды кооперативке тарту жұмыстары қолға алынған. «15 мың жекелей қосалқы шаруашылықты қамтыған  жүзден астам кооператив құрылды. Олардың базасында жүзден астам сүт қабылдайтын пункт пен 7 мың отбасылық бордақылау алаңы ұйымдастырылды. Толықтай алғанда, индикативті жоспарлар барлық облыстар бойынша орындалды», – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі. «Толықтай алғанда алдағы бес жылда кооперативтер қызметімен жарты миллион жеке қосалқы шаруашылық пен шағын шаруашылықтар қамтылатын болады. Кооперативтер өнімдерді дайындауға, сақтауға және тасымалдауға көмектеседі. Бұған қоса, ветеринария, мал азығын дайындау, агрохимия және өз мүшелеріне несие беруде жәрдемдеседі. Жалпы, кооперативтер ауылдардың одан ары дамуының негізі болуы тиіс», – деді Айтуғанов.

2018 жылы Қазақстанда шұбат, ет, сүт және бал өндіретін кооперативтер құрылмақ. «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәлеловтің айтуынша, Қазақстандағы кооперациялардың жақсы тәжірибесі ауыл шаруашылығындағы өзге салаларға оң ықпалын тигізбек. «2018 жылға дейін  сүт, ет, шұбат, бал, жүгері өндіретін кооперативтер құру жоспарланып отыр. Оларды Ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау көрсету қоры  қолдайды», – деді Н.Мәлелов.

Әрине, ауылды елді мекендерде шаруаларды топтастырып, кооператив құру барлық тарапқа да тиімді. Бірақ қаражат мәселесі тағы да қолбайлау. Осы мәселе ескеріліп, субсидия беру жүйесі жеңілдетіліп отыр. «ҚазАгро» холдингі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі келесі жылдан бастап несие пайызын азайтады. Нұрлыбек Мәлеловтің сөзіне сүйенсек, «Қазагроның» құрамында үш компания ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қаржыландырады. «Олар – «ҚазАгрофинанс», «Аграрлық несиелік корпорация» және Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры. Осы үш ұйымның бәрі де облыс орталықтарында филиалдарын ашқан. Одан біз төменгі деңгейде несиелік серіктестіктер арқылы несие береміз», – деді ол. Мысалы, биыл егін ору науқанын қаржыландыру үшін «ҚазАгро» 60 миллиард теңге бөлген. Бұл қаржы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 5 пайыз, банктерге 7,41 пайызбен таратылған екен.

"Түркістан" газеті