Қайырымды істер марафонына екі миллионға жуық қазақстандық қатысуда. Бұл туралы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Лима Диас айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қайырымды істер марафоны» - ұйымдарды, адамдарды және қарапайым қазақстандықтарды біріктіретін жалпыұлттық қозғалыс. «Қайырымды істер марафонының» негізгі мәні – адамдарды мейірімді болуға, ізгілікпен айналысуға ынталандыру ғана емес, себебі әрбір қазақстандықта осындай қажеттілік бар. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ұйымдастыру комитеті ретінде бүкіл акцияның әкімшілік, ұйымдастырушылық және әдіснамалық үйлестірушісі ретінде жұмыс істейді. Біз әр қазақстандықтың жасына және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан қайырымдылықтың өмірінің бір бөлігіне айналуы үшін тырысамыз», - деді Л. Диас Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, акция басталғаннан кейін бір айда акцияға 60-тан астам ҮЕҰ, шағын және орта бизнес өкілдері, ұлттық холдингтер, жеке және квазимемлекеттік компаниялар, қайырымдылық қорлары, қоғамдық ұйымдар, волонтерлік топтар, ЖОО және колледж өкілдері, әкімдіктер қолдау көрсеткен. Бір ай бойы 47 мың волонтер марафонның барлық қатысушыларына жұмысқа орналасуға көмектеседі, әдістемелік көмек көрсетеді. Марафон аясындағы іс-шаралар әр айға жоспарланған.
Спикер марафон аясында 345 іс-шара өткізілген Шығыс Қазақстан облысы ең белсенді аймақ екенін атап өтті. Республика бойынша марафон аясында 1,5 мыңға жуық іс-шаралар мен акциялар, жобалар жүзеге асырылған. Екі миллионға жуық адам марафонның белсенді қатысушысы атанды. Олар әр түрлі істермен айналысады – мұқтаж адамдарға көмектеседі, қар күрейді, қан тапсырады, ағаш егеді, қайырымдылық қорларына қайырымдылық жасайды және экологиялық акциялар өткізеді.
«Алдағы айларда бірқатар іс-шара жоспарланған. Атап айтқанда, 18 наурызда Наурыз мейрамына орайластырылған қайырымдылық күні өткізіледі. 15-21 наурыз аралығында экологиялық шаралар өткізуге көңіл бөлініп, экологиялық мейірімділік апталығы өтеді. Сәуір айында «Ең мейірімді» байқаулар сериясы басталады, олардың біріншісі «Ең мейірімді аймақ» деп аталады», - деп түсіндірді Л. Диас.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Мемлекет басшысының бастамасымен «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы басталды. Марафонға қатысуға барлық қазақстандықтар, соның ішінде мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, бизнес және ЖОО өкілдері шақырылды.
Жобаның үйлестірушісі – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы. Ұйымдастыру ісіне қатысты сұрақтары бойынша 8 (7172) 221224 нөміріне хабарласуға болады, e-mail: dobryhdelmarafon@gmail.com.