ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингіде баспана нарығындағы монополия туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл баспана бағасы арзандадйды деп айта аласыз ба? Бұл тұрғыда нарықтағы монополистермен қалай келіспекшісіз?», - деп сұрады БАҚ өкілі.
«Ешкім ешкіммен келісім жасағалы жатқан жоқ. Жүйелі шаралар бар. Бұл тұрғын үй құрылысы нарығында монополия бар ма, әлде жоқ па деген мәселені қадағалап отырмыз. Егер BI Group компаниясы бойынша сұрап тұрсаңыз, баспана бағытында оның елодардадағы үлесі – 22,7 пайыз. Алматы қаласы бойныша да үлесі сол шамада – 2,4 млн шаршы метр баспана салынса, соның 300-400 мың шаршы метрі тиесілі. Bazis те осы шамада баспана қолданысқа берді. Біз мұны бақылап отырмыз. Сондықтан әлдебіреуді монополист деп айтуға келмейтін шығар», - деді министр.
Оның айтуынша, дегенмен аталған компаниялар ұсынып отырған баға бойынша расымен де үлкен айырмашылық бар.
«Салынған тұрғын үй көлемі бойынша BI Group-тың үлесі 22,7 пайыз болса, баспана құнының мөлшерінде оның үлесі 42 пайыз болып отыр. Яғни, аз салғанымен айтарлықтай қымбатқа сатады. Бұл жерде екі нұсқа бар. Не оның пәтерлері сапалы сұранысқа ие, не ол жақсы менеджер ретінде салған пәтерін сата біледі деген сөз. Сондықтан біз бұл мәселені тұрақты бақылап отырмыз. Әрі қарай нарықты монополиясыздандыру үшін бірқатар нормативтік құжат жобаларын дайындадық», - деді Қайырбек Өскенбаев.