Қайрат Сатыбалдыұлы жазасын Шығыс Қазақстан облысындағы колонияда өтейтін болды, - деп хабарлайды Massaget.kz.
26 қыркүйек Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Сатыбалдыұлын алты жылға бас бостандығынан айырған болатын.
Үкім жарияланғаннан кейін 15 күн ішінде сотталушы немесе оның қорғаушылары сот шешіміне шағымданбаса, ол Шығыс Қазақстанда орналасқан ОВ-156/20 колониясына ауыстырылады.
"Бұл мекеме арнаулы және құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлеріне арналған. ОВ-156/20 қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемесі", - деп хабарлады ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, сотталған Қайрат Сатыбалдыұлы ауыстырылғанға дейін Астанадағы тергеу изоляторында болады.
"Сотталушы апелляциялық шағым түсірсе, оны қарау мерзіміне дейін тергеу изоляторында қалады", - деп толықтырды ведомство өкілі.
Сондай-ақ, Сатыбалдыұлы жазасын өтеу үшін мекемеге келген 15 күннен кейін туыстарымен кездесуге өтініш бере алатыны белгілі болды.