Астана қаласының Байқоңыр ауданы №2 сотының судьясы Нұрлан Баяхметов Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлының ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұған дейін айыпталушы тарап пен жәбірленуші тарап саналатын компаниялардың келісімге келгені хабарланған болатын. Сотталушылар Сатыбалдыұлы, Қоңырбаев, Бекетов, Мұхаметжанұлы, Муравьев татуласу туралы медиациялық келісімді растап, бәрі де айыппен келісетінін айтқан.
Прокурор Есебаев соттан Қайрат Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айыруды, мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте, мемлекеттің үлесі 50 пайыздық кәсіпорындарда 10 жыл жұмыс істеу құқығынан айыруды, мүлкін тәркілеуді сұраған. Сондай-ақ, сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтеуі керектігін айтты.
"Сатыбалдыұлы 28-баптың 3-бөлігі, 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағы, 195-баптың 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылсын. Мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан 10 жыл мерзімге айырыла отырып, алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", - деді үкімді оқыған Нұрлан Баяхметов.
Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Наурыздан бері изоляторда отырған 1 күні колониядағы 1,5 күн ретінде есептеледі.
"Сонымен қатар Президентке Сатыбалдыұлының ұлттық қауіпсіздік органының генерал-майор шені мен "Құрмет", "Парасат" ордендерінен айыру туралы үсыныс енгізілсін", - деді судья.
Айта кетсек, екі күн бұрын басталған сотта адвокат Қайрат Сатыбалдыұлы кінәсін мойындайтынын, екі компанияның 12 млрд теңге және 28 млрд теңге шығынын өтегенін мәлім еткен. Процесс екі іс бойынша қаралған болатын.
Еске сала кетсек, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі осы жылдың наурызында қамауға алынған еді. Оның үстінен «алдау жолымен мүліктік залал келтірді», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салды» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Одан бөлек ол «салықтан және кедендік төлемдерден жалтарды», «қылмыстық жолмен тапқан табысын заңдастырды» деген күдікпен де тергелген.
Сонымен қатар наурызда әйелі Гүлмира Сатыбалды да «бизнесті рейдерлік жолмен тартып алды» деген айыппен қамауға алынған.
Ал Қайрат Сатыбалдыұлының інісі Самат Әбіш Қаңтар қырғынынан кейін ҰҚК төрағасының орынбасары қызметінен босатылған. ҰҚК Самат Әбіш «тергеу назарында» екенін мәлімдеген. Алайда оның қандай да іске қатысы бар-жоғы айтылған жоқ. Қайрат Сатыбалдыұлы «Қазақтелекомнан» 12,7 млрд теңге, «Көлік сервисі орталығынан» 28,6 млрд теңге жымқырған деп айыпталған.