Фото: prosports.kz
Астана қалалық соты олигарх Қайрат Боранбаевқа және қылмыстық істің басқа да қатысушыларына үкім шығарды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Астана соттарының ресми парақшасына сілтеме жасап.
"Астана қалалық соты кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісіммен бірге келіп түскен Қайрат Боранбаевқа және басқаларға қатысты қылмыстық істі қарады.
Келісу ісін жүргізу барысында Қайрат Боранбаев, Роман Наханов и Таир Жанұзақ процестік келісімді өз еріктерімен жасасқандарын, кінәні мойындайтындарын, іс бойынша айыптау мен дәлелдемелер, келтірілген зиянның сипаты мен мөлшері туралы дауласпайтындарын растады.
Жәбірленуші «QazagGaz» ҰК» АҚ өкілі 14 млрд. теңгеден астам залалдың толық өтелгенін атап өтті" - делінген хабарламада.
Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, процестік келісім жасасу тәртібі сақталған және ол заң талаптарына сәйкес келеді. Әркімнің қылмыстық рөлі ескеріле отырып, Қ. Боранбаев және Р. Наханов ұрланған ақшаға иелік етіп заңдастырған, ал Т. Жанұзақ басшылықтың заңсыз нұсқауларын орындаған. Ол осы орайда қылмыстық жолмен табыс таппаған.
Сотта прокурор Қ.Боранбаев пен Р. Нахановтың әрқайсысын 6 жылға бас бостандығынан айыруды, ал Т.Жанұзақты 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
"Апелляциялық сатыдағы сот процестік келісімнің шарттарымен келісті. Сот процестік келісімде көрсетілгеннен артық қатаң жаза тағайындауға құқылы емес.
Сот үкімімен Қ.Боранбаев пен Р. Наханов кінәлі деп танылып, әрқайсысы 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Олардың 5 млрд. теңгеден астам мүлкі тәркіленді.
Т. Жанұзақтың атқарған рөлін, сондай-ақ жас балаға қамқорлық жасап отырғанын және денсаулық жағдайын ескере келіп, сот оны 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды" - делінген хабарламада.
Halyq Uni сайтының жазуынша, Боранбаев пен Наханов өмір бойы мемлекеттік қызметті атқара алмайды. Сондай-ақ судья болу, жергілікті басқару органдарында, Ұлттық банкте және оның құрамындағы ведомстволарда, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде қызмет ету құқығынан айырылды. Одан бөлек, Қазақстан Президентіне Қайрат Боранбаевты «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Парасат», III дәрежелі «Барыс» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізіледі.
"Сот үкіміне сәйкес, Боранбаевтың меншігіндегі Алматы қаласы әл-Фараби көшесінде орналасқан құны 686 млн теңге болатын коммерциялық нысан мен жер учаскесі, «Қазақстан Халық банкі» АҚ шотындағы 1 млрд 270 млн 190 мың теңге және «Қазақстан Халық банкі» АҚ шотындағы 5 685 727 доллар, 1 170 329 доллар, 775 859 601 теңге, 193 170 137 теңге мемлекет пайдасына тәркіленеді.
Роман Нахановтан мемлекет пайдасына «Қазақстан Халық банкі» АҚ шотындағы 1 млн доллар, Астанадағы үш пәтері өндірілді" - деп жазады ақпарат агенттігі.
Бұл ретте Тайыр Жанұзақ та өмір бойы мемлекеттік қызметті атқару, судья болу, жергілікті басқару органдарында, Ұлттық банкте және оның құрамындағы ведомстволарда, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде қызмет ету құқығынан айырылды.