21 мам, 2020 сағат 13:50

Қай өңірде туу көрсеткіші жоғары?

2019 жылы Қазақстан Республикасының Азаматтық хал-актілерін тіркеу органдары дүниеге келген 402 310 нәрестені тіркеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінен мәлім еткендей, 402 310 шақалақтың 239 496-сы немесе 59,5% - қалаларда, 162 814-і немесе 40,5% ауылдық елді мекендерде туған. 

Сондай-ақ дүниеге келгендердің 208 038-і немесе 51,7% - ұл, 194 272-сі немесе 48,3% - қыздар. Туған кездегі жыныстардың арақатынасы 100 қыз балаға шаққанда 107 ер баланы құраған.

Қазақстан өңірлері бойынша ең жоғары туу көрсеткіші Маңғыстау (1 мың тұрғынға шаққанда 29,72 сәби), Түркістан облыстарында (27,87) және Шымкент қаласында (27,89) тіркелді. Ең төменгі көрсеткіш – Солтүстік Қазақстан (12,46), Қостанай (13,15) және Павлодар (15,35) облыстарында.

Былтыр босанған әйелдердің орташа жасы 28,9 жасты (2009 жылы – 27,4) құрады. Қалалық мекендерде – 29,2 (2009 жылы – 27,6), ауылдық мекендерде – 28,5 (2009 жылы – 27,3) жас.

«Қазақстанның көпшілік өңірлерінде бала туу кезіндегі әйелдердің орташа жасы орташа республикалық деңгейден жоғары болды. Алматы қаласында 29,8 жасты, Нұр-Сұлтан қаласында 30 жасты құрады», - делінген ақпаратта.