ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирус бойынша аса қауіпті мемлекеттер тізімін жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл тізімдегі мемлекеттерден келген қазақстандықтар үй карантиніне оқшауланады.
«Қаупі жағынан бірінші санатқа Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Иран, Гонконг, Макао, Тайвань еніп отыр. Екінші санатта үш мемлекет бар - Сингапур, Таиланд, Малайзия. Үшінші санатқа - Вьетнам, Германия, Аустралия, АҚШ, Біріккен Араб әмірліктері, Канада, Ұлыбритания мен Франция енгізілді», - деді бас санитар Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бірінші санаттағы елдерден келген азаматтар 1 наурыздан бастап үйде карантинге оқшауланады. Күнделікті жергілікті дәрігерлер осы азаматтарды қарап шығып, нақты тапсырма беретін болады.
«Бұл олардың ауру екенін білдірмейді. Біз алдын алу шараларын жасап жатырмыз. Азаматтар өздері елге келген соң оқшаулануы тиіс. Оларға жақсы желденетін бөлек бөлме беру керек, үйге қонақ шақыруға, қоғамдық орындарға баруға, қоғамдық көлік пайдалануға да шектеу қойып жатырмыз», - деді Ж. Бекшин.