ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Кавасакиге ұқсас синдромға шалдыққан балалар туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2020 жылғы тамыздан бастап республикада COVID–19 індетімен астасқан мультижүйелік қабыну синдромы (Кавасакиге ұқсас синдром) жағдайлары тіркеле бастады. Ауру ушыққан жаз айларынан кейін балалар арасында аталған індет анықталды. Үш аптадан бері балалар арасында бұл ауру тіркелмеді», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның сөзіне қарағанда, биыл мультижүйелік қабыну синдромы бар 42 бала тіркелген, қазіргі уақытта мұндай диагнозы бар пациенттер жоқ.
«Балалар стационарлардан емделіп шықты», - деді Ажар Ғиният.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл елімізде COVID-19 диагнозы расталған барлығы 3 164 бала тіркелген, оның ішінде 114 жаңа туған нәресте бар. Қазіргі кезде COVID-19 індеті бар 340 бала бақылауда тұр.