26 шіл, 2019 сағат 10:43

Қауіпсіздік сертификаты аясында абоненттер мәліметтері жиналмайды - Асқар Жұмағалиев

Қауіпсіздік сертификаты аясында абонеттердің жеке деректерін жинау жүзеге асырылмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Баспасөз мәслихатында «қауіпсіздік сертификатын орнатқаннан кейін жеке тұлғалардың мәліметтері қандай да бір жерде сақтала ма?» деген сауал қойылды.

Өз кезегінде А. Жұмағалиев бұл сертификаттың абоненттер телефондарындағы деректеріне қолжетімдігі жоқ екенін атап өтті.

«Адамдардың жеке мәліметтері ешкімге де берілмейді. Өйткені бұл тұрғыда ешкім де ақпарат жинамайды. Қауіпсіздік сертификаты тек фильтр қызметін ғана атқарады, сәйкесінше, онда ақпарат жинау ескерілмеген», - деп түсіндірді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Асқар Жұмағалиев бүгінде интернетте құқыққа қайшы контент көптеп кездесетінін, сондай-ақ киберлік қатерлер де бар екенін атап өтті.

Осы орайда тиісті қорғанысты қамтамасыз ету үшін қауіпсіздік сертификаты іске қосылады. Аталған сертификат ресурсты емес, нақты құқыққа қайшы контентті шектейді.