23 қар, 2025 сағат 13:11

Қасым-Жомарт Тоқаев Silk Way Star халықаралық жобасының қатысушыларын құттықтады

Фото: ұйымдастырушылардан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Silk Way Star халықаралық өнер додасының мәресіне жетуіне орай қатысушыларға арнайы құттықтау жолдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Президент өз сөзінде бұл жобаның Азия халықтарының мәдени байланысын тереңдетіп, рухани ықпалдастықты нығайтатын бірегей бастама екенін атап өтті.

«Silk Way Star – мәдени дипломатияның жарқын көрінісі. Ол елдеріміздің салт-дәстүрі мен шығармашылығын танытып, халықтар арасындағы достықты күшейтеді. Осындай ауқымды іс-шаралар ортақ құндылықтарымызды дәріптеп, ынтымағымызды арттыра түседі», – деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше жобаны жүзеге асыруға үлкен үлес қосқан China Media Group медиакорпорациясына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Кореядан келген талант иелерінің жоғары деңгейдегі өнерін атап өтті.

Президент қатысушыларға алғыс айтып, шығармашылық жолда жаңа белестерді бағындыруға тілектестік білдірді.

«Сіздерге амандық және сәттілік тілеймін!» – делінген құттықтауда.


Айта кетейік, Моңғолиялық дарынды әнші Мишель Джозеф Silk Way Star халықаралық музыкалық байқауының жеңімпазы атанды. Астанада өткен гран-финалда 7 өнерпаз бақ сынады. Жеңімпазды байқаудың арнайы қонағы Димаш Құдайберген марапаттады.