10 мау, 2019 сағат 17:10

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің басты проблемаларын атады

Бүгін Ақордада отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердегі шешімін күтіп тұрған басты проблемаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Расында сайлау науқаны кезінде мен аймақтардың барлығын аралап шықтым. Әрбір аймақтың өз ерекшелігі бар. Ол заңды нәрсе, дегенмен, әрбір аймақ біздің еліміздің дамуына өз үлесін қосып отыр. Ал шындықты айтсақ, елімізде түйіні шешілмеген мәселелер бар. Мен оларды жақсы білемін, сіздер де жақсы білесіздер. Бұл - медицинаның сапасы, жалақының төмендігі, экология, ауыз сумен қамтамасыз ету және тағы басқалары. Сондықтан бұл өзекті мәселелерді біз басты назарға аламыз», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті осы орайда Үкіметке тисті тапсырмалар беретіндігін баса айтты.

«Қазіргі таңда нақты шешімдер қабылдау керек. Халық бізден  осы шешімдерді күтіп отыр. Халық ұзақ сөздерден әбден шаршады. Сондықтан мен Президент ретінде осы жұмыспен міндетті түрде айналысамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Сондай-ақ, ол сыбайлас жемқорлықпен қалай күресетінін айтты.

"Сыбайлас жемқорлық - өте күрделі құбылыс. Былай айтқанда дерт деп те айтуға болады. Батпандап кіретін, мысқалдап шығатын кесел. Сондықтан бұл дертпен міндетті түрде бәріміз қоғам боп күресуіміз керек. Әйтпесе кеш болып қалуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлықтың кесірінен  алып мемлекеттер, ірі мемлекеттер құлағанын бәріміз білеміз, куә болдық", - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сыбайлас жемқорлық әрбір мемлекетте, соның ішінде дамыған мемлекеттерде де бар екенін атап өтті.

"Біз сыбайлас жемқорлық туралы ашық түрде айтамыз. Бізде сыбайлас жемқорлық - өте үлкен проблема, құбылыс - біздің қауіпсіздігімізге сын-қатер. Сондықтан менің міндетім - сыбайлас жемқорлықпен күресу. Жақында, мамыр айында осы мәселеге арналған үлкен жиналыс болды. Кешенді іс-шараларды қолданамыз деп ойлаймын. Бұл жөнінен халыққа есеп береміз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.