Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы "Ana Tili" газетіне сұхбат беріп, халықты толғандырған сұрақтарға жауап берді. Әңгіме барысында Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевпен қаншалықты жиі сөйлесетінін айтты. Ол Назарбаевтың еңбегін жоққа шығаруға болмайды дейді.
"Біз әділетті мемлекет құрамыз десек, тарихқа да, оны жасауға атсалысқан азаматтарға да әділ қарауымыз керек. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ұлттың болашағы үшін қажет. Өткенді ой елегінен өткізіп, оны әділ әрі шынайы бағалай алмасақ, алға сеніммен қадам баса алмаймыз. Саяси ахуалдың ықпалымен өз тарихыңды көпе-көрінеу бұрмалай беруге болмайды. Ел шежіресін басынан бастап қайта жазу тіпті қауіпті", - дейді ол.
Алайда, алғашқы жылдары Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтінін ашық айтты.
"Үнемі Премьер-Министрді, Ұлттық банктің төрағасын, министрлерді, әкімдерді шақырып алып, жиналыс өткізетін. Бұған өз азаматтарымызды былай қойғанда, шетел басшылары мен дипломаттары да таңдана қарайтын. «Назарбаев қызметінен кеткен соң тіпті жоғарылады, енді Президент те оған бағынады» деген әзіл әңгіме де пайда болды. Ал, шын мәнінде, бұл әзілдейтін жағдай емес еді. Бұл жағдай қосарланған билік туралы алып қашпа әңгіменің өршуіне әкеп соқты. Шенеуніктер де кабинеттен кабинетке жүгіріп, кімнің тапсырмасын орындайтынын білмей дал болатын. Ол аз десеңіз, кейбір шенеуніктер «Елбасы институты Президент билігінен жоғары тұруға тиіс» деп, ақылға сыймайтын жағдайды заң жүзінде негіздемек болды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев сондай-ақ бұрынғы президенттің сол жылдары Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД елдерінің саммитіне қатысуын нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалар деп атады. Соның алдында ғана жергілікті бір саясаттанушы оған «Елбасының алтын дәуірін» қалпына келтіру үшін батыл шаралар қабылдау қажеттігін айтып, арандатушылық мазмұндағы хат жолдағанын да атап өтті.
Соған қарамастан, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға сіңірген тарихи еңбегін лайықты бағалайтынын, Президент ретінде мемлекет мүддесін басшылыққа ала отырып, қазір шамамен айына бір рет телефон арқылы сөйлесіп тұратынын жеткізді.