16 қыр, 2024 сағат 16:54

Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаевқа айрықша ерекшелік белгісін табыстады


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаевқа айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордендерін салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

«Ақорда» резиденциясында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс салаларының ардагері Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаевты «Халық қаһарманы» атағымен, сондай-ақ айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордендерімен марапаттау рәсімі өтті.

Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сөз сөйлеп, Сәт Тоқпақбаевты қалың жұртшылық құрметтейтінін, оның еңбек жолы ел өмірімен тығыз байланысты болғанын айтты.

"Сіз қастерлі Отанымызға адал қызмет еттіңіз. Енді ғана тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болған жылдары аса жауапты міндеттерді атқаруға білек сыбана кірісіп кеттіңіз. Еліміздің тыныштығы мен тұтастығын сақтау үшін орасан зор үлес қостыңыз. Шын мәнінде, мұны нағыз ерлік деп бағалауға болады. Қазір де қоғамға пайдалы істерді атқарып жүргеніңізді біз жақсы білеміз. Еліміздің лайықты азаматысыз", – деді Мемлекет басшысы.



Сәт Тоқпақбаев мемлекетіміздің қауіпсіздігі және еліміздің тыныштығы жолындағы еңбегін бағалағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

"Әділетті Қазақстан құру ісіндегі зор еңбегіңізді және сүйікті Отанымызды халыққа жайлы елге айналдыру мақсатында жүзеге асырып жатқан саясатыңызды толығымен қолдаймын. Тәуелсіздігіміздің баянды болуы жолында Сізбен әрдайым біргемін! Еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болсын! Отанымызда тыныштық, бірлік, ауызбіршілік әрдайым салтанат құрсын", – деді Сәт Тоқпақбаев.


Салтанатты жиынға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев қатысты.