04 шіл, 2019 сағат 10:34

Қасым-Жомарт Тоқаев Игорь Финогеновті қабылдады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Полиметалл» компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі Игорь Финогеновті қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысына «Полиметалл» кәсіпорнының Қазақстан мен Ресей нарығында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалары туралы мәлімет берілді.

Қазақстан Президенті «Полиметалл» кәсіпорнының «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасына енуімен құттықтап, компанияның біздің елдегі жұмысына тоқталды.

– «Полиметалл» «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында орналасқан алғашқы шетелдік компания атануымен құттықтаймын және ризашылығымды білдіремін. Сіздер Шығыс Қазақстан облысындағы Бақыршық кен орнында «Қызыл» жобасын табысты аяқтадыңыздар. Қостанай облысындағы алтын кен орнында да жобалар жүзеге асырылып жатырсыздар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Игорь Финогенов «Астана» ХҚО шетелдік компанияларға Қазақстанда жұмыс істеуге үлкен инвестициялық мүмкіндіктер жасап отырғанын атап өтті.  

– «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасына енуімізді үлкен жетістік деп санаймыз. Өйткені, бұл Қазақстанда қаржылық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған алғашқы қадамдарымыз. Біз  геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция салуға мүдделіміз, ал биржа бұл үшін жақсы мүмкіндік, – деді Игорь Финогенов.    

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықтың алдағы уақытта да арта беретініне сенім білдірді.