Каспий теңізінің деңгейі бір жарым метрге төмендеді және бұл үрдіс жылдан жылға қарқын алып барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Егер осылай жалғаса берсе, таяз жерлер құрғап, тұзға айналады. Климат өзгереді. Айналадағы халықтың тұрмыс-тіршілігі қиындайды, - дейді экологтар. Сондықтан теңізді сақтап қалудың жолдарын табу қажет. Ғылыми-зерттеу институтын құрып, эко жүйеге кері әсер етіп жатқан факторларды анықтауға назар аударылуы тиіс.
Маңғыстауда халықтың көп бөлігі теңіз жағасында тұрады. Су деңгейінің төмендеуінен болатын зардапты бірінші солар тартады. Өйткені, қазір облыс тұрғындарының 57 пайызы тұщытылған теңіз суын тұтынып отыр. Ал, Каспийді жағалай орналасқан 5 мемлекетті қоса алғанда 25 млн-дай халықтың өмірі теңізбен байланысты.
«Айналасында өмір сүріп отырған халықтың тұрмыс-тіршілігі қиындай түсетіні шындық. Биоресурстар,балық көлемінің азаятыны сөзсіз. Теңіздің азаюы климаттың өзгеруіне әсер етеді», - дейді эколог Орынбасар Тоғжанов.
Мамандардың айтуынша, теңіз соңғы 15 жылда 1,5 метрге төмендеді. 5 жылдан бері тоқтаусыз тартылып жатыр. Орта есеппен жылына 7 см-ге азаяды. Алдағы 3 жылда тағы да 40 см-ге төмендейді деген болжам бар.
«Кейбір жылдары мысал үшін 2005-тен 2008-ге дейін жедел қарқынмен түскен болса, 2008-ден 2011-ге дейін шамалы бәсеңдеді. Ал,2011 ден бері қарай тағы да қарқыны күшейді, сөйтіп бір жылдары көп, бір жылдары аз. Бірақ жалпы есептегенде бәрібір теңіз деңгейі төмен қарай түсіп келеді», - дейді «Қазгидромет» РМК Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрлан Сәрсенбаев.
Экологтар теңіз деңгейінің төмендеуін оған құятын өзендердегі судың азаюымен түсіндіреді. Мәселен, негізгі күретамыр Еділ мен Жайық өзендерінің өзі таязданып кетті. Теңіз суының азаюына жауын-шашынның да аз түсуі себеп. «Каспий теңізінің мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу институтын құру қажет. Себебі, қазір жүріп жатқан процестерге ғылым жауап беруі тиіс. Мысалы, мәселенің бірі, итбалықтарды сақтап қалу үшін, нақты ғылыми деректер мен көрсеткіштерге сүйеніп, жоспар жасақталуы қажет»,-дейді «Эко-Маңғыстау» ҮЕҰ директоры Кирилл Осин.