Фото: Сергей Русанов © URA.RU
Астанадағы Kaspi банк филиалында адамдарды кепілге алу ісі бойынша күдікті қамауға алынды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"
"2023 жылғы 20 маусымда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Әлихан Мурадовқа қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады", - делінген Астана қалалық сотының хабарламасында.
Еске салайық, 18 маусымда Астанадағы " Kaspi банк" филиалын белгісіз біреу басып алды. Тапаншаға ұқсас зат ұстаған ер адам 7 адамды кепілге алып, бірнеше талап қойған. Күдіктімен келіссөз жүргізуге ІІМ басшысы Марат Ахметжановтың өзі келді.
Кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері бөлімшедегі адамдарды босатты. Күдікті де сол арада қолға түсті.
Прокуратураның ақпаратынша, 30 жастағы Әлихат Мұрадов 2013 жылдан бері есірткіге тәуелді адамдар есебінде тұр. Жамбыл облысының тумасы банктен кредит те алған. Екі рет қылмыстық іс бойынша күдікті болып танылған.
Бұл факті Қылмыстық кодекстің 261-бабы (Адамды кепілге алу) бойынша тергеліп жатыр.