"VIP-рұқсат қағазбен" көлік жүргізген Қаскелең тұрғыны төңірегінде дау туындады. Желіде тарап жатқан видеода "мектеп мұғалімі" болып жұмыс істейтін жас қыздың жол ережесін бұзғаны және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны айтылады.
Polisia.kz Telegram-арнасының хабарлауынша, Ішкі істер органдары Алматы облысы тұрғынының жол ережелерін бұзғаны көрсетілген Интернет желісіндегі видеоны тексерген.
Ол жол ережесін бұзғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің мына баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған:
- 597-баптың 4-бөлігі (Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жерде тоқтап тұру);
- 599-баптың 1-бөлігі (Бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту);
- 590-баптың 2-бөлігі (Мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз автокөлік құралын басқару).
halyq-uni.kz порталының жазуынша, ақпаратқа қатысты Алматы облысының әкімдігі де пікір білдірген. Бойжеткеннің өңірдегі оқу мекемелеріне еш қатысы жоқ екені белгілі болды.
"Арнайы база бойынша тексеріп көрдік. Ол біздің өңірдегі оқу орындарында жұмыс істемейтінін және тізімде жоқ екенін нақты айтуға болады", - дейді Алматы облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.