07 қар, 2022 сағат 14:28

Кәсіпорынға кешенді тексеру жүргізу керек - Тоқаев шахтадағы апат туралы

Фото: Tengrinews.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнындағы апаттардың жүйелі сипат алғанын айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Осы орайда, тағы бір маңызды мәселе – еңбек қауіпсіздігі. Өткен аптада Қарағанды облысындағы шахтада жарылыс болып, 5 адам қаза тапты. Бірнеше адам жараланды.

Мен марқұмдардың жақындарына көңіл айтамын. Олардың отбасыларына тиісті көмек көрсету туралы тапсырма бердім. Жарақат алған азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеймін.

Өкінішке қарай, «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында апаттар жиілеп, қайталана беретін жағдайға жетті. Бұл – биыл адам өліміне алып келген екінші қайғылы оқиға. 2006 жылдан бері металлургия комбинатында 20-дан астам апат болып, 100-ден аса азамат қаза тапты" - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік органдар тарапынан бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, жағдай жақсармай отыр.

"Осыған орай жедел түрде қатаң шаралар қабылдауға тура келеді. Мен бұл жөнінде жуырда Қарағандыда сөйлеген сөзімде ескерттім. Кәсіпорынға кешенді тексеру жүргізу керек. Соның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен барлық экологиялық норма талаптарының сақталуына мән берілуге тиіс.

Комбинаттың иесі техникалық жағдайды жақсартуға және жаңғыртуға жеткілікті дәрежеде инвестиция құйғанын анықтау маңызды. Бәлкім, бұл жұмысқа зауыттың жағдайына шынайы баға беретін халықаралық компанияны тарту керек шығар. Мұндай қайғылы жағдай қайталанбауы үшін барлық қажет шараны қабылдау керек. Ең бастысы – азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірі" - деді Мемлекет басшысы.