02 нау, 2022 сағат 19:36

Кәсіпорындар қымбат технологиядан арзан жұмыс күшін тиімді көреді – Кәсіподақ федерациясы


ҚР Кәсіподақ федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға мүдделу болмау себебін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің заңнамада еңбек құқығын қамтамасыз етуге қажетті құқықтық арсеналдар жеткілікті. Бірақ іс жүзінде еңбек құқығының белгіленген кепілдіктері мен оларды іске асыру мүмкіндіктерінің арасында алшақтық бар екенін көріп жүрміз. Оған жыл сайын кәсіподақ ұйымдарына еңбек құқықтарының бұзылғаны туралы жұмысшылардан келіп жататын арыз-шағымдар куә. Елімізде жалдамалы жұмысшылардың еңбек құқықтарын сақтау мен қорғаудың көптеген сын-тегеуріндері бар», - деді федерация басшысы.

Оның байқауынша, жұмыс берушілер жалдамалы еңбекке кететін шығынды үнемдеу үшін еңбек заңнамасындағы нормалардан жиі ауытқитын көрінеді.

«Еңбекақының стагнациясы мен еңбек табысының төмендеуі халықтың ертеңгі күнге деген сенімін азайтып жатыр. Өйткені күрделі экономикалық жағдайларда жұмыс берушілердің көбі еңбек саласындағы өзгерістерге дайын болмай шықты. Жұмыс берушілер жалдамалы еңбекке кететін шығынды үнемдеу үшін еңбек заңнамасындағы нормалардан жиі ауытқиды. Кейде бұл құқық саласындағы біліксіздіктен де туындап жатады. Қалай болғанда да бұл жұмысшылардың мүддесіне зиян келтіреді. Жұмысшылар еңбек қатынасындағы барынша аз қорғалған тарап болып отыр. 

Компаниялар бизнесін дамыту үшін тенологияларды ауыстыру арқылы еңбек өнімділігін арттырудың орнына арзан еңбекке арқа сүйеуге бейім. Қарапайым тілмен айтқанда, жаңа қондырғылар алып, қомақты капитал салғысы келмейді. Одан да арзан жұмыс күшін пайдалануды дұрыс деп санайды», - деді Сатыбалды Дәулеталин.