18 ақп, 2020 сағат 13:46

Кәсіпкерлерге бақылау-касса машиналарын қолдану мәселелері бойынша заң нормалары түсіндірілді

ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті бақылау-касса машиналарын қолдану мәселелері бойынша заңнаманы түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) 166-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында ақшалай есеп айырысулар деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар Бақылау-касса машиналарын (бұдан әрі – онлайн - БКМ) міндетті түрде қолдана отырып жүргізіледі.

Бұл ретте Салық кодексінің 166 бабының 2-тармағына сәйкес БКМ міндетті түрде қолдану бойынша ереже ақшалай есеп айырысуға қолданылмайды:

1) жеке тұлғалардың;

2) адвокаттар мен медиаторлардың;

3) уәкілетті органмен келісу бойынша көлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен нысан бойынша билеттерді бере отырып, қалалық қоғамдық көлікте тасымалдау бойынша халыққа қызмет көрсету бөлігінде;

4) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің;

5) қызметі ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi жоқ жерлердегі салық төлеушілердің;

6) екінші деңгейдегі банктердің ақшалай есеп айырысуларына қолданылмайды.

«Қолма-қол ақша және (немесе) төлем картасын пайдалана отырып есеп айырысу арқылы тауарды сатып алу, жұмыстарды орындау, қызмет көрсету үшін жүзеге асырылатын есеп айырысу ақшалай есеп айырысу деп түсінілетінін айта кету керек (Салық кодексінің 165-бабының 1-тармақшасы).

Яғни, бүгінгі таңда қолма-қол ақша және (немесе) төлем карточкаларын пайдалана отырып есеп айырысу арқылы тауарды сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету есеп айырысуды жүзеге асырған кезде, Салық кодексінің 166 бабының 2-тармағында көрсетілген салық төлеушілерді қоспағанда барлығы БКМ қолдануға міндетті», делінген хабарламада.

Бұл ретте, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап ақшалай есеп айырысу кезінде барлық жеке кәсіпкерлер БКМ қолдануға міндетті.

Комитеттің мәліметінше, мемлекеттік тізілімде БКМ-ның 243 моделі енгізілген, оның ішінде 89 онлайн-БКМ моделі, оның ішінде мобильді қосымша түріндегі 7 моделі енгізілген.

Онлайн БКМ бағасы модификацияға және техникалық мүмкіндіктерге байланысты ерекшеленеді. Стационарлық онлайн БКМ-ның ең төменгі бағасы 60 мың теңге. Бұл ретте нарықта сондай-ақ ұялы қосымшадағы БКМ үлгілері бар, оларды пайдаланғаны үшін 3 000 теңгеге дейін төлем жасалады (ұялы қосымша түріндегі тегін онлайн БКМ бар).

Сонымен қатар, салық төлеушілер БКМ мемлекеттік тізіліміне енгізілген онлайн БКМ үлгілерінің кез келгенін дербес таңдауға және тіркеуге құқылы. Бұл ретте, салық төлеушілер қызметі ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi жоқ жерлерде деректерді беру функциясы жоқ БКМ қолдануға міндетті.