Павлодар қаласындағы Достық үйінде қазақ тілі білгірлерінің «Парасатты кәсіпкер» байқауы өткізілді. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде және мемлекеттік тіл саясатын іске асыру мақсатында кәсіпкерлер арасында мемлекеттік тілге арналған конкурс ұйымдастырды.
Байқауға Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларының түрлі деңгейдегі тұрғындарға қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлерден құралған 5 команда қатысты. Сайыс үш кезеңде өтті. Бірінші кезеңде командалар өздерін таныстырып, үй тапсырмасын орындаса, екінші кезеңде түрлі қызмет көрсету салаларында кездесетін ситуациялық тапсырмаларды орындады. Қорытынды кезеңде термин сөздерді аударып, оқиға желісі бойынша мәтін құрастырды.
Барлық қатысушылар мемлекеттік тілдегі білімдерін ортаға салып, жаңа термин сөздерді сауатты пайдаланып, ситуациялық тапсырмаларды шеберлікпен шешті. Барлық командалар өздерінің ерекшеліктерімен және белсенділіктерімен танылды. Әділқазылар алқасының шешімімен І орынға «Ұлттық мұра» командасы (Павлодар қаласы), екінші орынға «Белсенді көмір» командасы (Екібастұз қаласы) және үшінші орынға «Самға» командасы (Ақсу қаласы) лайықты деп танылды. Сайысқа қатысушыларды құттықтаған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы С.Османова: «Мұндай іс-шаралар келешекте дәстүрге айналатынын, бұл конкурс алғаш рет өткізіліп жатқанын алға тартып, барлық қатысушылар мемлекеттік тілдегі білімдерін ғана емес, сонымен қатар облыс тұрғындарына қызмет көрсетуге қажетті өздерінің жан-жақты, шапшаң қасиеттерін де көрсете білді» деп атап өтті.
Иә, облыс көлемінде мемлекеттік тілге ерекше назар аударылып келеді. Соның бір дәлеліндей, жуырда «Рухани жаңғыру» аясында Павлодар облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Успен ауданының іс жүргізушілеріне, аудармашыларына және қазақ тілі мамандарына арналған «Аударма мәдениеті, ресми құжат сауаттылығы мен мемлекеттік тілді сапалы оқыту жолдары» тақырыбында кезекті облыстық көшпелі семинарды айтуымызға болады. Жалпы ағымдағы жылдың басынан бастап өткізілген семинарға Ақтоғай, Лебяжі, Шарбақты және Успен аудандарынан 200-ге жуық іс жүргізушілер, аудармашылар мен қазақ тілі мамандары қатысты. Аталған шараның пленарлық бөлімінде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға байланысты мәселелер көтеріліп, қазақ тілін оқыту жөніндегі стандарт пен типтік бағдарламаны іске асырудағы оқытушылар жұмысының негізгі бағыттары қарастырылды. Мұндағы басты мақсат – қала, аудандардағы қазақ тілі оқытушыларының біліктілігін арттыру. Осындай бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
Айтуған Дәулет