2020 жылдың 1-тоқсанында жүйелі жолға түскен жемқорлықтың 40 фактісі анықталып, жолы кесілді. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Агенттіктің 2020 жылдың 1-тоқсанындағы негізгі нәтижелеріне тоқталған оның дерегінше, осы аралықта 892 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Олардың басым бөлігін, яғни 77 пайызын талан-таражға салу мен парақорлық құрайды.
«Толықтай алғанда, өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 12 пайызға жуық қысқарып отыр. Бұл оң өзгеріс ең алдымен алдын алу жұмыстары тиімділігінің артуына және төтенше жағдай режиміне байланысты болды. Бірақ, бұл тізгінді бос жібердік дегенді білдірмейді. Бүгінде жемқорлықтың барынша күрделі нысандарына назар аудара түстік. Оған аса ауыр жемқорлық қымыстарды анықтау 2 есе, ауыр қылмыстар 12 пайызға өсуі дәлел бола алады», - деді ол.
Департамент басшысының айтуынша, жүйелі жемқорлықтың 40 фактісі анықталды. Оның аясында шамамен 200 қылмыс тіркелді. Өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда ірі көлемде талан-таражға салу қылмыстарын анықтау 28 пайызға өсті. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысындағы қылмыстарды әшкерелеу 2 есеге жуық артты. Олардың жартысынан көбі 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту, білім және ғылым, агроөнеркәсіп кешені салаларына қатысты бағдарламаларды жүзеге асыру барысында орын алған.
«Шағын және орта бизнес қызметіне заңсыз араласудың 48 фактісі анықталды. Бұл бағытта қылмыстық-құқықтық шаралардан бөлек біздің PBI (protecting business and investments) жобамыз да бизнеске үлкен көмек көрсетіп жатыр. Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сүйемелдеуімен жалпы құны 12,7 трлн теңгеден асатын 451 бизнес жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл нақты бір деңгейдегі сенім көрсеткіші екені сөзсіз», - деді Нұрлан Жақсымбетов.