«Қару» іс-шарасы барысында 700-ден астам атыс қаруы тәркіленді. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің бөлім бастығы Асылбек Ыдырысов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қару», «Құқықтық тәртіп» өңірлік және републикалық жедел алдын алу іс-шаралары тұрақты өткізіліп, оның аясында қару-жарақтар мен оқ-дәрілер заңсыз айналымнан алынады. Соңғы 5 жылдан 10 мыңнан астам атыс қаруы мен оқ-дәрі тәркіленді», - деді ол.
Оның атап өтуінше, 14 мамыр мен 17 маусым аралығында еліміздің аумағында «Қару» кең ауқымды жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр.
«Қазірдің өзінде іс-шара аясында заңсыз сақталған 700-ден астам атыс қаруы тәркіленді. 195 мыңға жуық мылтық иесі тексерілді. Оның ішінде 5,4 мыңнан астам адам тиісті ережені бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Қабылданған іс-шаралардың тиімділігіне соңғы 5 жылда атыс қаруын қолдану арқылы жасалатын қылмыс санының 50 пайыздан астамға қысқарғаны дәлел бола алады. Биыл да 21 пайызға азайды», - деді Асылбек Ыдырысов.