01 ақп, 2022 сағат 18:49

Картоп экспорты сәуір айына дейін квота бойынша реттеледі


Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысымен ақпан-сәуір аралығында картоп экспорт квота бойынша реттелетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің баспасөз қызметі ұсынған мәлімет бойынша, Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында аталмыш ұсыныс қолдау тапқан. 

«Азық-түлік тауарларының тұтыну нормалары бойынша халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 629,3 мың тонна картоп қажет. 2021 жылғы картоп өндірісінің көлемі 4млн 034,7 мың тонна болған. Сәуір айына дейінгі кезең картоп сақтауға қолайлы мезгіл болғандықтан 144,5 мың тонна картопты квота бойынша экспорттауға рұқсат беріліп отыр. Бұл ай сайын 48,2 мың тонна каторпты сыртқа сатуға мүмкіндік береді», - деп жазылған министрліктің мәліметінде.

Дегенмен ведомство картопты экспорттаушыларға мынадай талаптар қою қарастырылуда:

- картопты арнайы сақтау объектілерінде сақталатын картоптың болуын растау (картоптың жалпы көлемін және көкөніс-картоп қоймасының мекенжайын көрсете отырып);

- экспорттық көлемге тең картопты ішкі нарыққа өткізу бойынша міндеттеме қабылдау;

- картоптың ішкі сату бағаларын деңгейде бекіту.

«Бұл ретте, картоп бағасының негізінен сату кезінде өсетінін атап өтеміз. Мәселен, ауылшаруашылық тауар өндірушілер орташа көтерме саудада тоннасына 120 мың теңгемен береді. Ал бөлшек сауда дүкендерінде картоп бағасы келісіне 200-220 теңге болып отыр. Осылайша, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен ҚР Сауда және интеграция министрлігі тарапынан баға белгілеу және сауда үстемелерін қатаң бақылауды қамтамасыз ету талап етіледі», - делінген АШМ мәліметінде.