13 ақп, 2020 сағат 09:18

Қарин Ұлттық кеңестің жұмысы туралы ақпаратпен бөлісті

ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Ұлттық кеңестің қазіргі жұмысы туралы facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұған дейін хабарлағанымыздай, өткен аптада мемлекеттік органдар бейбіт жиындар, саяси партиялар мен сайлау туралы заң жобаларының тұжырымын халықпен талқылау үшін нормативті-құқықтық актілердің ашық интернет-порталдарында жариялаған болатын. 10 ақпан күні заң жобалары Әділет министрлігінің жанындағы Қоғамдық кеңесте, сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанындағы Қоғамдық кеңесте сарапшылардың және Ұлттық кеңес мүшелерінің қатысуымен талқыланды. Парламенттік оппозиция туралы және ҚР Қылмыстық кодекстің 130 және 174-баптарына норма енгізуге қатысты бастамаларды жүзеге асыру ісі жұмыс тәртібінде қаралуда», - дейді Ерлан Қарин.

Оның жазуынша, Ұлттық кеңестің кезекті үшінші отырысын өткізу мерзімі мен отырыстың күн тәртібін белгілеу мәселесі пысықталып жатыр.

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Қазақстан Президентінің кеңесшісі президенттік бастамаларды жүзеге асырудың жаңа кезеңі басталғалы жатқанын хабарлаған болатын.