15 нау, 2021 сағат 12:02

Кардиохирургия бойынша қызметтерге жаңа тариф енгізіледі

2021 жылдың 4 тоқсанында кардиохирургия бойынша қызметтерге жаңа тариф енгізіледі. Бұл жайында сенаторлардың депутаттық сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде кардиохирургия бойынша тарифтерді қайта қарау бойынша ұсыныстар әзірленді. 2021 жылға арналған медициналық қызметтерге тарифтерді қалыптастыру жөніндегі жұмыс жоспарына сәйкес әзірленген тарифтерді пилоттық тестілеу көзделген. Ағымдағы жылдың 4-тоқсанында кардиохирургия бойынша қызметтерге жаңа тарифтер енгізіледі», - деді Асқар Мамин. 

Оның атап өтуінше, «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы аясында денсаулық сақтау ұйымдарының күрделі шығындарына жалпы сомасы 105 млрд теңге қарастырылған. 

«Қазіргі уақытта Дүниежүзілік банктың қарызы аясында медициналық ұйымдарды, оның ішінде кардиохирургиялық ұйымдарды, медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету пысықталуда. 2020 жылғы 8 желтоқсанда Денсаулық сақтау министрлігінде «Universal Medical Center» корпоративтік қорының (бұдан әрі – «UMC» КҚ) Басқарма төрағасы Ю.Пяның қатысуымен балалар кардиохирургиясын дамыту тақырыбында кездесу өткізілді. «UMC» КҚ аумағында балалар хирургиялық орталығын салу мәселесі пысықталуда», - деді Үкімет басшысы.