ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жеке қосалқы шаруашылықтардағы жайылым тапшылығының көлемі қанша екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елді мекендердің жайылым алқаптарының алаңы - 21 млн гектар. Стастистикалық деректер бойынша, 2021 жылдың басында жеке қосалқы шаруашылықтарда жайылатын ауылшаруашылық жануарлардың 66,2 шартты басы болды. Министрдің бұйрығымен жайылымдардың жалпы алаңы түсетін жүктеменің шекті жол берілетін нормавтитері бекітілді. Ол бойынша жеке қосалқы шаруашылықтарға мал жаю үшін 43 млн гектер жайылым қажет. Тиісінше жайылымдардың есептемелік тапшылығы 22 млн гектарды құрайды. Сонымен қатар, ұйымдастырылған шаруашылықтардың жайылымдық алқаптармен қамтамасыз етілуіне талдау жүргізілді. Мәселен ауыл шаруашылығы өндірушілерінде ауыл шаруашылығы жануарларының 4,7 млн шартты мал басы болған еді. Олар үшін бекітілген нормавтитер бойынша 35 млн гектар жайылым қажет. Бұл ретте ұйымдастырылған шаруашылықтарға қазір 76 млн гектар бекітіліп берілді. Яғни, жайылымдардың есептемелік резерві 41 млн гектарды құрауы мүмкін», - деді министр.
Ведомство басшысы бұл тапшылықты ұйымдасқан шаруашылықтардың иелігінде пайдаланылмай жатқан алқаптармен жоюға болатынын айтады.
Бірақ ондай жердің көбі тым шалғайда жатыр.
«Ұйымдасқан шаруашылықтарда 41 млн гектар жайылым бос жатыр. Осы пайдаланылмай жатқан жайылым алқаптарын ұйымдасқан шаруашылықтардан алып, жеке қосалқы шаруашылықтардың қажеттілігіне беруге болады. Бірақ бұл мәселені шешудің тарихи да, жүйелік те сипаты бар. Шартты жер үлестері, халыққа берілген жер пайларымен байланысты мәселелер бар. Ұйымдасқан шаруашылықтардың көбінің жері халықтың жер пайынан құралғаны жасырын емес. Сонда іс жүзінде заңды тұлғалардың халықтың жер пайының есебінен құрылған жайылым алқаптарында не жергілікті тұрғындардың жеке малы жайылады, не мүлде қолданылмайды. Ең бастысы, ондай жерлер ауылдың өзінен өте қашықта жатыр. 2019 жылы қажетті жайылым көлемі 50 млн гектар болса, 2022 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша тапшы жердің көлемі 29 млн гектардан 22 млн гектарға дейін қысқарған», - деді Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ, ол 2017 жылы қабылданған «жайылымдар туралы» Заң жергілікті деңгейде ішінара ғана іске асып жатқанын айтты.
«Жер кодексіне пайдаланылмайтын жайылымдарды алып қою мәселелері бойынша өзгерістер енгізілейін деп жатыр. Орман кодексіне орман мекемелерінің жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік орман қорының құрамындағы жайылымдар туралы ақпарат беру мәселесі бойынша түзетулер енгізілмекші. Бұл мәселе былтыр Маңғыстау облысында мал азығының тапшылығы туындаған кезде көтерілді. Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекске мал жаю қағидаларын және ауыл шаруашылығы жануарларын күтіп, бағу қағидаларын бұзғаны үшін салынатын айыппұлдардың мөлшерін ұлғайту мәселелері бойынша түзетулерді де қолдаймыз. «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына жергілікті өкілді атқарушы органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құзыретін нақтылау бөлігінде де өте қажетті өзгерістер енгізілді деп есептейміз. Жайылымдар туралы заңға да бірқатар өзгерістер енгізіліп жатыр», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.