«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры екінші деңгейлі банктерден қаржыландырылу үшін құжаттар топтамасын әзірлеу барысында бизнеске қолдау көрсетеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Жасұлан Мəдиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қарапайым заттар экономикасы« бағдарламасы бойынша жобаларды қаржыландыру үшін кредиттеудің жалпы көлемі 400 млрд теңгеден 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл сомадан 700 млрд теңге агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу мен өндіріске, 300 млрд теңге өңдеу өнеркәсібі мен қызметтерге жұмсалатын болады. Бұған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 100 млрд теңге мөлшеріндегі қаражат көктемгі егістік жұмыстарын қаржыландыруға беріледі. АӨК-тегі қаңта өңдеу мен өндірісті кредиттеудің жаңа операторы ретінде екінші деңгейлі банктермен қатар Аграрлық кредиттік корпорация қызмет көрсетеді», - деді ол.
Оның айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 5 млрд теңгеге дейінгі кредиттердің кепілдік көлемі 30 пайызды құрайды. Егер қаржыландыру қажеттілігі 3 млрд теңгеден аспаса онда кепілдендіру займ сомасының 50 пайызына дейін болады.
Бұл ретте екінші деңгелі банктерден қаржыландырылу үшін құжаттар топтамасын әзірлеу барысында бизнеске «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры қолдау көрсетеді. Даму филиалдары еліміздің барлық өңірлерінде, ірі қаларында жұмыс істейді.
«Даму тарапынан кредиттерді субсидиялау электронды үкімет (E-gov) пен Online Damu платформалар арқылы онлайн режимде көрсетіледі. Әрбір өңірдегі менеджерлердің телефон нөмірлері қордың ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында қолжетімді»,- деді Жасұлан Мәдиев.