Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі коронавирусқа байланысты карантинде отыратын адамдарға еңбекақы төлеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ербол Нұрғалиевтің айтуынша, ауруханаға немесе үйге карантинге жатқызылған адамдарға еңбекке уақытша жарамсыздық парағы беріледі. Сол бойынша жәрдемақы төленеді. Қашықтан жұмыстан істейтін мұғалімдердің жалақысы да сақталады.
"Ендігі мәселе – өндірісті уақытша тоқату кезінде жұмысшылардың еңбекақысын төлеу. Осы жылдың 13 наурызынан бастап кинотеатрлар мен балалардың ойын алаңдары жабылды. Осыған байланысты кейбір кәсіпкерлер өз жұмысын тоқтуға мәжбүр болып отыр", - деді Нұрғалиев астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Еңбек кодексінің 112-бабына сәйкес, жұмыс беруші мен жұмыскерге байланысты емес себептер болса, жалақының ең төменгі мөлшерінен кем болмайтын ақы төленеді.
"Егер еңбек шарттарында немесе ұжымдық шарттарда бұл мәселе қарастырылған болса, одан да жоғары ақы төлеуге мүмкіндік бар", - деп түсіндірді ол.