23 шіл, 2020 сағат 11:46

Карантин режимін бұзғандар қалай жазаланды - Бас санитар

ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова карантин режимін сақтамаған тұрғындар мен кәсіпкерлердің қалай жазаланғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірінде карантиндік шаралардың сақталуын тексеретін 644 мониторингтік топ бар. Олар әкімдік жанынан құрылған және құрамында жергілікті атқару органдарының, полиция қызметінің және санитарлық қызметтің өкілдері бар. 5 шілдеден бүгінгі күнге дейін мониторингтік топтар каратин жағдайында жұмыс істеп жатқан 25 438 нысанды тексерді. Оның 12 процентінде немесе 3 мың нысанда карантин талаптарының бұзылғаны анықталды», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. 

Оның айтуынша, карантиннің алғашқы аптасында мониторинг топтары карантин режимін бұзғандарды жауапқа тартпай, түсіндіру жұмыстарын ғана жүргізген. Осылайша, мониторинг топтары кәсіпкерлерге 16 мың ұсыным берген. 742 нысан өздігінен каратиндегі жұмысын тоқтатқан. 

«Тексеруде анықталатын негізгі бұзушылықтар – маска тақпау, ара қашықтық сақтамау, қызметкерлерді маскамен және антисептикпен қамтамасыз етпеу және наурыз айынан бері тыйым салынған жаппай бұқаралық шаралар өткізу фактілері де тіркелді. Одан бөлек, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары жоспардан тыс 270 тексеру жүргізіп, барлығынан дерлік құқықбұзушылық тапқан. Тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы 1036 хаттама толтырылып, 202 ұйғарым берілген. 23 кәсіпкерлік нысанның жұмысы тоқтатылды. Тексеру аясында анықталған құқықбұзушылықтар үшін 457 лауазымды тұлға 65 млн теңгеге жауапқа тартылды», - деді А. Есмағамбетова. 

Жеке тұлғалар арасында 5 шілдеден бастап, 495 адамға 20 млн астам теңге айыппұл салынды. Әсіресе, Алматы қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары көп ереже бұзған. Қалған өңірлердің барлығында бірлі-жарым құқықбұзушылықтар тіркелген.