04 қар, 2020 сағат 09:25

Карантин кезінде жасөспірімдерге қатысты зорлық фактілері 19% артқан – министр

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев карантин кезінде елде тұрмыстық қылмыстың саны артқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда қылмыс саны 37 пайызға төмендеді. Ауыр қылмыстардың ішінде денсаулыққа зиян келтіру қылмыстары - 12 пайыз, зорлық - 39 пайыз, қарақшылық - 52 пайыз, тонау - 50 пайыз, ал бұзақылық фактілері - 45 пайызға төмендеді. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс та қысқарды. Көшеде жасалатын қылмыс - 51 пайызға, мас күйде жасалатын қылмыс - 16 пайызға азайып отыр. Қылмысты ашу көрсеткіші жақсарды. Ауыр қылмыстардың - 64 пайызы, аса ауыр қылмыстардың - 94 пайызы ашылды», - деді Ерлан Тұрғымбаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру барысы туралы өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, карантин кезінде үйде отырып, алкогольдік ішімдік ішу фактілері көбейген. Осының салдарынан тұрмыстық қылмыстың саны өсіп, ішімдік әсерінен адам өлтіру фактілері - 12 пайызға, жасөспірімдерге қатысты зорлық фактілері - 19 пайызға артқан.

«Мұндай жағдайда жәбірленушінің жақын танысы мен туыстарының осындай қылмыстарды жасағаны анықталып отыр. Олар - әкесі, өгей әкесі, көршісі немесе таныстары. Мұндай жағдай - отбасы үшін үлкен трагедия. Жағдайды дұрыстау үшін алдын алу шаралары күшейтіліп, есепте тұрған азаматтармен жұмыс жүргізілді», - деді ол.