08 мам, 2020 сағат 15:55

Карантин енгізілмесе, сегіз тәулікте науқастар саны 4,5 мыңға жетер еді – Біртанов

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов карантин дер кезінде енгізілмесе, елімізде қандай жағдай болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«12 наурызда індет жұқтырудың алғышқы оқиғалары анықталған кезде, біз шұғыл карантиндік шараларды қабылдадық. Егер де 16 наурызда карантин жарияламасақ, онда 8 тәуліктен кейін 4,5 мың науқас тіркелер еді. Бұл көрсеткішке тек екі айдан кейін ғана жетті. Мемлекет басшысы жариялаған карантин мен төтенше жағдай өте маңызды рөл атқарды, біз індеттің таралуына тосқауыл қоя алдық және медициналық ұйымдарға жүктемені азайттық», - деді Е. Біртанов «Хабар24» арнасына берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, індет жұқтырған адамдардың саны қазақстандықтар арасында үрей тудырмауы керек. 

«Бізде індет жұқтыру өсімінің қарқыны алғашқы күндері тәулігіне 50-60 пайызға дейін көтерілген еді. Қазір бұл көрсеткіш 3-5 пайыз деңгейінде. Бізде бұл жағдай қадағалауда тұр. Әрине, адамдар жарияланған көрсеткіштерге үреймен қарап отыр. Бүгінде тек үш мың адам медициналық ұйымдарға жатқызылған. Яғни 1,5 мың адам емделіп, үйлеріне оралды», - деді министр.