26 мам, 2020 сағат 11:23

Карантин: «Атамекен» балабақша саласындағы проблеманы көтерді

«Атамекен» ҰКП алаңында карантин кезеңіндегі балабақшалардың жұмысы мен өзекті проблемалары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін жеке балабақшалардың жұмысы қалай жалғасатыны, қаржыландыру қалай жүргізілетіні туралы сұрақ туындады. Елде 4 428 балабақша бар. 339 мың адам жеке балабақшаларға барады. Қазіргі таңда қатты зардап шегіп жатқан салалардың бірі – жеке білім беру ұйымдары. Мына мәлімдеме орынды болар деп есептеймін: мектепке дейінгі білім берудің жеке секторы қазір құрып кету алдында тұр. ТЖ уақытында балалар балабақшаға бармағаннан кейін мемлекеттік тапсырыс бойынша қаражат берілген жоқ. ТЖ режимі аяқталғаннан кейін мемлекеттік тапсырысты қалай сақтап қалу керек деген мәселе туындады», - дейді палатаның басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев «Атамекен» ҰКП онлайн-жиналысы барысында. 

Оның айтуына қарағанда дәл осы кезеңде жеке балабақшалардың қызметкерлерінің айлығын төлеп отыру керек.

«70 мың қызметкер айлықсыз қалуы мүмкін (мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында). Сол себепті біз өте өзекті мәселемен бетпе-бет келіп отырмыз. Біздің ойымыз – нақты сипатқа ие. Білім және ғылым министрлігімен бірге қазір жеке балабақшаларды қолдау, олардың қызметкерлеріне ең төменгі айлық мөлшерін беріп отыруға қатысты мәселені талқылаған едік. Олар жабылып қалмауы тиіс. Карантин уақыты аяқталғаннан кейін балалар қайтадан балабақшаларға бара алатындай жағдай болуы тиіс», - деді Олжас Ордабаев.

Қазіргі таңда елде 10 314 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 4 428-і – жеке балабақшалар.