Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бақылау департаментінің директоры Ерлан Сапаров қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа ұрынғаны үшін неше шенеунік жазаланғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Департамент басшысы мемлекеттік орган басшылары сыбайлас жемқорлыққа ұрынғаны қол астындағы қызметкер үшін жауапкершілік арқалайтын заңнамалық талап 2019 жылғы 10 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілгенін атап өтті.
Содан бері қарамағындағылардың сыбайлас жемқорлыққа ұрынғаны үшін 264 мемлекеттік қызметші жазаланған.
«Биыл 9 айда қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін тоғыз саяси мемлекеттік қызметші отставка туралы өтініш түсірді. Үш жағдайда отставка қабылданып, алты жағдайда қабылданбады. Бұл алты жағдайдың бесеуінде саяси мемлекеттік қызметкерлер әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деді Ерлан Сапаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде.
Аталмыш шарада мемқызметшілерге жұмыстан тыс уақытта қосымша табыс табуға рұқсат берілу мүмкін екені айтылған болатын.
«Бүгінгі күні заңнамада мемлекетік қызметшіге қосымша жұмыспен айналысуға рұқсат беретін норма жоқ. Бірақ біз болашақта заңға енгізуді ойластырып жатырмыз. Яғни жұмыстан бос кезінде қосымша жұмыспен айналысуға болады деп кіргіземіз. Дәл қазір заңнамада бұл жоқ. Бірақ біз дайындап жатырмыз», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова.