© Photo: Динара Зәкиеваның әлеуметтік желідегі парақшасынан
Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева балалар жаппай уланған Қарағандыға барып, оқиғаның мән-жайын толығырақ айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Өкінішке қарай, бір бала қайтыс болды. Оның ата-анасына қайғыра көңіл айтамын. Алты бала ауыр хәлде жансақтау бөлімінде, жеті бала ауруханада жатыр (тағы 2 бала түсті). Олардың арасында жетім балалар да бар.
Қазіргі таңда бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, комиссия құрылды. Улану себептерін анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Балаларға медициналық-әлеуметтік қызметтер көрсететін 84 мекеменің барлығында Бас прокуратура кешенді тексеріс жүргізетін болады. Оның 20-сында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрады" - деп жазды уәкіл Facebook парақшасында.
Сондай-ақ ол күзде өңірлерге іс сапарлар аясында барлық балалар мекемесін тексеруді жоспарлап отырғанын айтты.
"Жалпы, қазір біз бұл салада мемлекеттік органдармен бірге балалаларға арналған мекемелердегі камераларды тікелей ЦОУ мен жауапты органдарға қосу бойынша жұмыс істеп жатырмыз.
Сонымен қатар жұмыс жүргізу керек тағы біраз мәселе бар, солардың ішінде:
1. Мамандарды даярлау сапасын, олардың деңгейін назарға алу керек. Сондай-ақ олардың жалақысын арттыруды да қарастыру қажет.
2. Балалардың тамақтану нормативтерін қайта қарау және талаптарды қатаңдату қажет. Бұл мәселе бойынша бейінді министрлікпен жұмыс істейтін боламыз" - деп түйіндеді ол.
Еске сала кетейік, Қарағандыда балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалар жаппай уланып, 1 бала қайтыс болған еді. Алты бала жансақтау бөлімінде жатыр. Қарағанды облысындағы трагедиядан кейін прокуратура тергеуді бастады. Ал бас санитардың айтуынша, 12 балаға да "түсініксіз генезден улану" диагнозы қойылған. Қазіргі кезде уланудың себебі анықталып жатыр.